Қазақстандықтар SIM-карта сатып алғанда биометриялық тексеруден өтуге міндетті болады

Қазақстанда абоненттік нөмір рәсімдеген кезде міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізілмек. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 29 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Егер азамат 10-нан көп SIM-карта сатып алғысы келсе, ұялы байланыс операторлары одан мұндай қажеттілікті растайтын дәлел сұрайтын болады. Бұл – алаяқтардың жаппай нөмір сатып алуын шектеу үшін қажет.
Сонымен қатар, абоненттер алаяқтық қоңыраулар туралы операторларға хабарлай алады. Байланыс операторлары Ұлттық банк жанындағы Алаяқтыққа қарсы орталықпен ақпарат алмасуға міндеттелмек. Аталған орталық күмәнді қаржылық операцияларды бақылаумен айналысады.
Бұл өзгерістер азаматтарды ұялы байланыс арқылы жасалатын қылмыстық схемалардан қорғау мақсатында енгізіліп отыр.
Еске салайық Қазақстанда ID-сіз sim-карта сатуға тыйым салынады. Жаңа заңға сәйкес, байланыс операторынан сим-карта сатып алатын кезде сатып алушы тұлғасын растау рәсімін міндетті түрде жүзеге асыруы тиіс. Егер тұтынушы ID-ден өтпесе, дилерлер мен дистрибьютерлер арқылы сатуға шектеу қойылады.