«Зорлап, өзгемен жыныстық қатынасқа мәжбүрледі»: 17 жастағы қыз туысынан қысым көрген

Жарияланды
Қазақстанда бір жылда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген
17 жастағы қызға туысы зорлық-зомбылық көрсеткен / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 17 жастағы қыздың ата-анасы (аты-жөнін көрсетуден бас тартты – ред.) туысы әрі ауылдасы баласына зорлық-зомбылық көрсеткенін мәлімдеді.

Оқиға 2024 жылдың тамыз айында болған. Жетісай қаласынан ауылына қайтпақ болған қыз таксиге жалғыз отырған. Жол-жөнекей такси жүргізушісі оны сөзге тартқан. Көлік жүргізуді тегін үйрететінін айтып, сеніміне кірген.

«Бензин бағасын алып шықсаң болды, көлік жүргізуді тегін үйретемін деді. Ауылдың адамы әрі туысым болған соң мен келістім. Ауылға жеткенде өзім хабарласамын деді. Сөйтіп 2 күннен кейін хабарласты. Кешқұрым еді. Біздің жақта Мырзакент деген ауыл бар, сол жаққа көлік жүргізуді үйретті. Бірінші күні ештеңе демеді, тиіспеді», – дейді ол.

Такси жүргізушісі ертеңіне кешке тағы шығуын сұраған. Қыз әкесінен «құрбыларыммен отырамын» деп сұранып, бензинге 2 мың теңге алып шыққан. Көлік жүргізуді үйреніп, түнгі ондар шамасында үйіне қайтпақ болғанда, такси жүргізушісі оны көлігімен егіндікке алып кірген.

«Әуелі «бір кісіден ақша алуым» керек деді. Қарсы болып едім, қорықпа деді. Егіндікке кірген соң, бір кісіні күтіп отырғандай болдық. Көліктен шықты, кірді. Мен көліктің артқы орындығында отыр едім. Шамамен 10 минут өткенде жаныма келіп отырды. Арам пиғылын сезіп отырсам да, бұлай бас салады деп күтпеген едім. Көліктен шығайын десем, есігін құлыптап тастапты. Қолымнан тартып, отырғызды. Ұялы телефонының камерасын қосты. Сол күні алғаш рет тиісті, арам ойын іске асырды. Оны видеоға түсіріп алды», – дейді ол көзіне жас алып.

Бойжеткеннің айтуынша, ауылдасы өзіне көрсеткен зорлық туралы біреуге айтатын болса, түсірген видеоларды әлеуметтік желіге жариялаймын деп бопсалаған. Онымен тоқтамай ұрып-соғып, шашынан тартып зорлық-зомбылық көрсеткен. Сөйтіп шамамен екі сағаттан соң, ауыл шетіне әкеліп тастаған. Ол мұнымен тоқтамаған.

«Арадан тағы 2 күн өткенде хабарласты. Ішімдік ішіп алған екен. «Өзіңді жалаңаш видеоға түсіріп жібер. Не өзім түсірген видеоларды жариялаймын» деді. Қорыққанымнан, амалым таусылғаннан видео түсіріп жібердім. Ол тағы шақырды. Мен жіберген видеоларды қалдырып, маған тиіскенде түсірген видеосын өшіріп тастады. Сосын тағы зорлық-зомбылық көрсетті. Шамамен бір ай солай ұрып-соғып, өзінің арам ойын жүзеге асырып жүрді. Менің әлсіздігімді пайдаланды, қолданды», – деді көз жасын тия алмай.

Оның сөзінше, такси жүргізушінің екі әйелі, бала-шағасы бар. Оның бопсалап, зорлық-зомбылық жасап жүргенін әке-шешесіне айтуға аузы бармаған. Ата-анасы ауру, бірі инсульт, екіншісі инфаркт алған. Өзі болса «видео тараса көшеде жүруден қаламын» деп шешкен. Ал жүргізуші кәмелет жасқа толмаған қызды өзі қорлағанымен қоймай, өзгемен де жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Сол арқылы ақша тапқан. Айтқанын орындамаған жағдайда қылқындыруды шығарған. «Өлтіремін» деп қорқытқан.

«Қорықтым, әке-шешемнен жемеген таяқты одан жедім. Өзгелері де мені ұрып, соқты», – дейді ол.

Бұған шыдамаған қыз көп өтпей өзіне-өзі қол салған. Оны ата-анасы құтқарып қалған. Ата-анасы болған мән-жайды білгеннен полицияға арызданған.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылы болған фактілер бойынша жазған арызына сәйкес Қылмыстық кодекстің «Зорлау» және «Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ «зорлау» дерегі дәлелін таппаған.

«Тергеу кезінде арызданушының уәждері ескеріле отырып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес жәбірленушінің уәждері өз дәлелін таппады. Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық құрамның болмауына байланысты «Зорлау» фактісімен қозғалған іс тоқтатылды. Қабылданған шешім қадағалаушы органмен келісілді» делінген полиция хабарламасында.

Ал «Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу» бабы бойынша тергелген қылмыстық іс сотқа жолданған.

Сондай-ақ оқыңыз