Сараптамаға Жиембайдың Берденовке атқан оғы берілмеген

Жарияланды
Берденов читал молитву, лежа раненым у здания акимата
Сараптамаға Жиембайдың Берденовке атқан оғы берілмеген/ Фото: коллаж kursiv.media

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайға қатысты сот тергеуін жалғастырды. Сот басталғаннан айыпталушы тарап бірнеше талап-тілек түсірді.

Айыпталушының қорғаушысы Мұсақұлов сараптама қорытындысы бойынша үшінші және төртінші тұжырымдаманы алып тастау керектігін айтты. Оның сөзінше, тергеуші оқиға орнынан 5 дана оқ гильзасын алған.

«Тура осындай гильзаның бытырасын санау керек еді. Тергеуші ондай гильза табылмағандықтан, сарапшыға басқа оқ берген», – дейді адвокат Мұсақұлов.

Айыпталушы Жиембайдың әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Жиембай Пірәлиев қылмыстық іс біржақты жүргізілгенін байқаған. Оның айтуынша, іс бұрмаланған. Қылмыстық істі жүргізу кезінде өрескел қателіктер жіберілген.

«21 сәуірде Берденов үш бытырамен ауруханаға түседі. Екінші күні аға тергеуші Алдияр Қамытбек хаттамамен үш бытыраны, киімдерін алады. Куәлар да киімдерін сараптамаға өткізеді. Ал бытыраны өткізбей қояды. Кейіннен өтініш хатыммен, арызыммен қосылды. Сараптама қорытындысында да Берденовтің денесінде қанша бытыра кіргені, қанша бытыра алынғаны, қанша бытыра денесінде қалғаны анықталмады», – деді Пірәлиев.

6 тамыз күні сотта жәбірленуші Ернар Жиембай жауап бергеннен кейін, Берденов әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған. Берденов денесінде аңшы мылтығының алпысқа жуық қорғасын оғы әлі де бар екенін айтқан.

Ал Жиембай Пірәлиев мұнымен келіспейді.

«Сондықтан қосымша талап-тілек қоюға рұқсат етсеңіз. Ауруханадан Берденовтің ауру тарихын алдыртуыңызды сұраймын. Алсақ, онда не жазылғанын көретін едік»,– деді ол.

Прокурор мен жәбірленушінің заңды өкілі айыпталушы тараптың талап-тілегін қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Олар мұны негізсіз деп отыр.

«Сот сарапшысы жалған сараптама бергені үшін қылмыстық жауапқа тартылады. Бұл туралы оған алдын ала ескертіледі. Сарапшы маман тергеушілерге оқ-дәрілерді беру туралы сұраныс хат берген. Тергеуші нақты сондай оқ-дәрілер болмауына байланысты басқа оқ-дәрілерді ұсынған. Егер сарапшы сол оқ-дәрілермен сараптама жасай алмайтын болса, «оқ-дәрілер сараптама жүргізуге жарамсыз болмайды, келмейді» деп ресми түрде тергеушіге жауап беретін еді. Маман сараптамадан өткізді, негізге алды. Сондықтан мұны заңсыз деп тануға ешқандай да негіз жоқ деп санаймын. Кейін де қорғаушылардың талап-тілегімен қайта сараптама өткізген», – деді прокурор.

Судья Абинұр Қарабаев айыпталушы тараптың бұл талап-тілегін ашық қалдырды, сот үкімін шығаратын кезде ескеретінін жеткізді. Ал Берденовтің ауру тарихын адвокаттар ауруханадан сұрауын, бермеген жағдайда сот сұрау жолдайтынын айтты.

Бұған дейін сотта Ернар Жиембайдың көлігінен 20 дана оқ табылғаны айтылды. Оқты тергеушілер айыпталушының автокөлігінен айғақ зат ретінде тәркілеген.

Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған. Жәбірленуші денсаулығына байланысты әзірге сот тергеуіне қатыспады. Оның құқығын сотта заңды өкілі қорғап жүр.

Сондай-ақ оқыңыз