
14 тамызға қараған түні Шымкент қаласындағы Абай аудандық әкімдігі ғимаратының шатырынан өрт шығып, нәтижесінде 1200 шаршы метрлік шатыр толығымен өртенген еді.
Өрт неден басталды?
«Қазір шығын көлемі анықталып жатыр. Өрт шыққан кезде ғимарат ішінде күзетші болған. Ол «электр жүйесі атылғандай болды» деді. Бірақ нақты өрт неден шыққанын көрмеген. Ғимараттан шыққан кезде өрт басталып кеткен. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталған соң ғимараттан барлық құжаттар мен техникаларды алып шығамыз. Жақын арада нақты қай ғимаратқа көшетініміз белгілі болады», – деді Абай ауданы әкімдігі апаратының басшысы Шерхан Кеңес.
Оның айтуынша, қазір арнайы құзырлы органдар шығын көлемін есептеп жатыр. Оқиғаға байланысты тергеу басталған.
«Абай ауданы әкімдігінде 44 мемлекеттік қызметкер бар. Одан бөлек келісімшартпен жұмыс істейтін техникалық қызметкерлер бар. Жалпы әкімдікте 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Қазір өзге ғимаратқа көшу туралы тапсырма берілді», – дейді аудан әкімі апаратының басшысы.
Әкімдік қайда көшеді?
Шерхан Кеңес құжаттардың барлығы электронды үлгіде болған соң сақталғанын айтады. Ғимарат жоқ болса да, әкімдік жұмысын тоқтатпаған.
«Жұмыс тоқтаған жоқ. Аудан халқымен кездесулер, түсіндіру жұмыстары, санитарлық тазалық сияқты жұмыстар жүріп жатыр. Тек электронды құжат айналысы тоқтап тұр», – деді Шерхан Кеңес.
Аппарат басшысы аудан әкімдігінің қайда көшетіні әзірге белгісіз екенін айтып отыр. Ал өртенген әкімдік ғимаратына қалалық құрылыс басқармасы жөндеу жұмысын жүргізеді. Жөндеу жұмысына 2 ай уақыт беріледі.
Ресми мәліметке қарағанда, әкімдік ғимараты 1954 жылы салынған. Соңғы уақытта күрделі жөндеуден өтпеген. Тек ағымдағы жөндеулер жүргізілген.
Айта кетейік, өрттен зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Қалалық полиция департаменті өртке байланысты тексеру басталған. Арнайы сараптама тағайындалған.