М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы басшылығы сотталды

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы ректоры мен оның серіктеріне қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушылар адамдар тобымен алдын ала сөз байласып оқу орнына аса ірі көлемде залал келтірді деген күдікке іліккен. Істі Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады. Бұрынғы ректор Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» және «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабымен айыпталған. Қалған сотталушылар да 189-баппен, кейбірі осы бапқа қоса «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен айыпталған.
Сот үкімімен университеттің ректоры қызметін уақытша атқарған Қайрат Нұрманбетов 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қаржы депараменті бас есепшісі 5 жыл 7 ай 6 күнге сотталды. Ал әкімшілік шаруашылық қызметі жөніндегі департамент директоры осындай мерзімге шартты түрде сотталды.
Сондай-ақ кәсіпкер Бердәлі Төлебеков 5 жыл 7 ай 6 күнге бас бостандығынан айырылса, тағы бір кәсіпкер Ұлан Байтиковтің бас бостандығын 1 жылға шектелді. Жұмыссыз Бектас Қалдыбековке 5 жыл 7 ай 6 күн деген жаза тағайындалып, заң шеңберінде жазаны шартты деп есептеу белгіленген. Барлығы сот залынан қамауға алынды.
Судья сотталушылардың мүлкіне салынған тыйымның бәрін шешті. Іс бойынша М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамы жәбірленуші деп танылған. Акционерлік қоғам соттан 257 млн теңге шамасында қылмыспен келтірілген материалдық залалды өндіріп беруді сұраған. Сот бұл талап-арызды қанағаттандырусыз қалдырды. Сот тергеуінде сотталушылар университетке 116 млн теңге залал келтіргені анықталған. Бірақ іс бойынша келтірілген залал толық өтелген.
Сотталушылар үкімге қатысты пікір білдірмеді. Олар істеген қылмысына шын өкінген және бас бостандығынан айырмау түріндегі жазаны сұраған.
Айта кетейік, сотталушылар 2024 жылдың қыркүйек айында ұсталған. Іс сотқа 2025 жылдың 4 сәуірінде түскен.