
Бүгін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты сот тергеуін жалғастырды.
Сотта оқиға уақыты мен тергеушілердің әрекет уақытын анықтау үшін қала әкімдігі ғимаратынан алынған бейнематериалдар қайта қаралды.
Видеоға қарағанда тергеушілер оқиға орнынан аңшылық қаруын тапқан. Берденовтің денесінен алынған үш дана бытыра қалдықтары, Берденов жарақат алған кезде үстінде болған киімдер көрсетілді. Онда әсіресе ақ көйлегінің қанға боялғаны анық байқалады.
Әкімдік ғимаратындағы бейнебақылау камерасынан алынған видеода жарақат алған Берденовті жедел жәрдем қызметі қалай алып кетіп жатқаны көрінеді. Іс құжаттарына қарағанда, Жиембайдың үйін тінту кезінде ешқандай айғақ заттар табылмаған.
Айыпталушының әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Жиембай Пірәлиев Ернар Жиембайдың әйелінен жауапты жабық сот отырысында алуды сұрады. Сот рұқсат етпеді. Прокурор Жиембайдың әйелін куәлік етуге шақыруды ұсынды. Жиембайдың қорғаушыларының бірі «қажет болса шақырамыз» деді.
Жиембайдың қорғаушысы Мұсақұловтың сөзінше, оның әйелі алғашқы берген жауабынан бас тартқандықтан, ол дәлел қатарынан алып тасталған. Ол екінші жауабын жариялауды сұраған. Айыптының әкесі ұлының отбасының бұзылып кетпеуі үшін келінінің жауабын мүлде жарияламауды сұрады.
Тергеу кезінде Жиембайдың әйелін Берденовпен байланыстыратын ешбір дерек табылмаған.
Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған. Жәбірленуші денсаулығына байланысты әзірге сот тергеуіне қатыспады.