Билікте «отбасылық жүйе» жоқ – Тоқаев

Президент Тоқаев тамыз конференциясында ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформалар қолға алынғанын айтты.
Айтуынша, елдегі саяси жүйе толық жаңғырды. Ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды. Қоғам дамып, азаматтардың сана-сезімі өзгеріп жатыр.
«Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Билікте де «отбасылық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі», – деді Тоқаев.
Президент білім сапасын жақсарта түсу қажет екеніне де тоқталды.
«Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің білікті болуы – өте маңызды мәселе. Жоғары оқу орнында алған біліммен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Озық ойлы шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздар ұдайы ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек. Балалардың оқуға зейінін ашатын әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген абзал», – деді Тоқаев.
Дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші. Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн. Бірақ басқалардың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек.