Жаңалықтар

Әлде де Cobalt-ты ел болып тұрмыз

Әлде де Cobalt-ты ел болып тұрмыз
Әлде де Cobalt-ты ел болып тұрмыз/Фото: shutterstock

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» автомобиль саудасы бойынша шілде айының мәліметін жариялады. Одақ дерегінше,өткен айда 20 мыңнан аса жаңа көлік өткен, бұл маусыммен салыстырғанда 3,9% жоғары әрі жыл басталғалы тіркелген ең үздік нәтиже.

Атап айтқанда ресми дилерлер 20 165 жеңіл және коммерциялық техника сатқан. Жалпы жыл басынан бері 125 034 жаңа машина иесін тапқан, бұл былтырғы осы кезеңге қарағанда 23,4% көп.

ҚАО президенті Анар Мақашева шілдеде ең көп өткен 10 машинаның 8-і отандық өнім екенін айтады.

«Қазақстандықтар сапасы жоғары әрі заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетіндіктен жаңа машина таңдайды. Десе де, автопаркті жаңарту шараларын қолдануды жалғастыру қажет», – дейді ол.

Үздіктер қатары

Жаздың екінші айында үздіктер үштігінде өзгеріс байқалған: Chevrolet (4 048 бірл.; былтырғы шілдемен салыстырғанда +70,4%) көш бастап, Hyundai екінші сатыға түсіп қалды (3 713 бірл.; -14,4%). Қола жүлдені әдеттегідей Kia (2 170; +11,9%) еншіледі. Төртінші орын Jetour брендіне (1 321 бірл.; +26,7%) бұйырса, бесінші қатарға Chery (1 138 бірл.; -17%) жайғасты. Одан бөлек тізімге Jac (1 111 бірл.; -5,4%), Haval (1 036 бірл.; +10,2%), Toyota (943 бірл.; +4,1%), Changan (904 бірл.; +35,5%) және Geely (501 бірл.; -28,5%) енді.

Танымал 10 модель:

  • Chevrolet Cobalt (3 417.);
  • Hyundai Tucson (1 211);
  • Kia Sportage (955);
  • Hyundai Elantra (695);
  • Hyundai Mufasa (666);
  • Jac S3 (605);
  • Haval M6 (528);
  • Chevrolet Onix (471);
  • Hyundai Santa Fe (468);
  • Chery Tiggo 2 (397)

Жеті ай қорытындысы бойынша Hyundai (27 931 бірл.; +23,7%) оқ бойы озық шықты, одан кейінгі Chevrolet кәдімгідей қалып келеді (17 354 бірл.; +67,7%), үшінші қатарға 13 489 автомобильдің кілтін тапсырған Kia орналасты (+0,2%). Төртінші және бесінші орындарды Jetour (8 563 бірл.; +73,7%) мен Chery (8 453 бірл.; +5,5%) өзара бөліп алды. 6 830 көлігі өткен Haval алтыншы сатыға тұрақтады (+33,7%). 5 909 көлігі өткен Changan жетінші орынға көтерілді (+21,1%), Jac сегізінші (5 838 бірл.; -7,7%), Geely тоғызыншы (5 772 бірл.; +45,9%) орыннан көрінді, ал мықтылар ондығын Toyota (5 502 бірл.; +1,5%) түйіндеді.

Chevrolet Cobalt – елдегі сөзсіз бестселлер. Ол ай сайын үнемі көшбасшы орыннан табылады.

Бұған дейін, рейтингте көш бастап тұрған, таксистер арасында танымал Chevrolet Cobalt енді Яндекстің «Комфорт» тарифінде жүре алмайтынын хабарлағанбыз.