
Алматы прокуратурасы ПД Киберқылмыспен күрес басқармасымен бірлесіп алаяқтарға нөмір ауыстыруға көмектескен Ресей азаматын ұстағанын хабарлады.
Бәйтереков көшесіндегі пәтерде жүргізілген жедел іс-шаралар барысында Ресей Федерациясының 18 жастағы азаматынан «Sim-Box», қазақстандық ұялы байланыс операторларының 300-ден астам сим-картасы және басқа да жабдықтар тәркіленген.
«Sim-Box» жабдығы қылмыстық мақсатта телефон қоңырауларын жаппай жасау, жіберу, абоненттік нөмірлерді ауыстыру үшін кеңінен қолданылады.
Аталған фактіге қатысты қылмыстық кодекстің 213-бабы (Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды құқыққа сыйымсыз пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Прокуратура 213-бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін атап өткен.
Биыл осыған ұқсас 7 іс сотқа жолданса, оның 4-і бойынша үкім шығарылған.
Бұған дейін, Бас прокуратура есірткі сатқаны үшін сотталып, алты жыл жасырынып жүрген қазақстандық Ресейден елге жеткізілгенін хабарлаған.