Алматыда бұтақ құлап, қайғылы оқиға болған жердегі ағаштарды кесіп жатыр

Алматыда әйел адамның үстіне бұтақ құлап қаза тапқаннан кейін оқиға болған Әди Шәріпов көшесінде ағаштарды кесу жұмысы басталды, деп хабарлады Tengrinews.kz.
Құрғақ бұтақтар қайғылы оқиға болған жердің дәл жанында – Әди Шәріпов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында кесілген. Басылым жол жиегінде кесілген бұтақтардың жанында ұйып қалған қанның ізі көрінетінін жазды.
Алмалы ауданы әкімдігінің өкілі ағаштарды кесу жұмысы адам өліміне байланысты емес, тұрғындардың өтініші негізінде жүргізіліп жатқанын айтқан.
Оның ақпаратынша, үлкен әрі құрғақ бұтақтар екі жерде – Шәріпов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Шәріпов көшесінің бойында Қабанбай батыр мен Жамбыл көшелерінің арасында кесіледі.
Алматы әкімдігі Алмалы ауданында ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары күнделікті жүргізіледі деп сендіреді. 2025 жылы қала билігі 30 мыңнан астам ағашты кесуді жоспарлаған, бүгінде оның 20 мыңнан астамы өңделген. Әкімдік өкілдері күн сайын ауданда 10 мамандандырылған бригада жұмыс істейтінін айтады.
13 тамыз күні Шәріпов көшесінде ағаш бұтағы қызды басып қалып, қайғылы жағдай орын алған. Алматы әкімдігі қызды басып қалған ағаш апатты жағдайда болмағанын хабарлаған.