
АҚШ президенті Дональд Трамп 15 тамыз күні Аляска аумағында Ресей президенті Владимир Путинмен «көптен күткен» кездесу өткізетінін жариялады. Kursiv Media алыста жатқан аралдың ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
Алясканың географиялық ерекшелігі
АҚШ-та көрші штаттармен шектеспейтін екі ғана штат бар – Гавай араладары және Аляска. Аляска – бір мезетте ең солтүстік, ең батыс және ең шығыс штат. Мұның себебі – Алеут аралдарының халықаралық күн ауысу сызығын кесіп өтуінде. Осылайша АҚШ-тың бір бөлігі Жапониядан да шығысырақ орналасқан.
Аумағы 1 723 000 км². 1867 жылы АҚШ Алясканы Ресейден небәрі 7,2 млн долларға сатып алған (қазіргі бағамен шамамен 162 млн доллар). Ал штат мәртебесін тек 1959 жылы алып, АҚШ-тың 49-штаты ретінде тіркелді.
Алясканы Ресейден сатып алу тарихы
1799 жылғы 9 шілдеден 1867 жылғы 18 қазанға дейін Аляска мен оған іргелес аралдар ресей-америкалық компанияның басқаруында болды. Алайда Қырым соғысы кезінде Қиыр Шығыстағы әскери қимылдар Ресей империясының шығыс жерлерінің, әсіресе Алясканың қорғаныссыз екенін айқын көрсетті. Болашақта бұл аумақты қорғау да, толық игеру де мүмкін болмайтыны түсінікті еді. Сол себепті, оны босқа жоғалтып алмау үшін сату туралы шешім қабылданды.
1866 жылғы 16 желтоқсанда Санкт-Петербургте император Александр ІІ, Ұлы князь Константин Николаевич, қаржы және теңіз министрлері, сондай-ақ Ресейдің АҚШ-тағы елшісі барон Эдуард Стекль қатысқан арнайы кеңес өтті. Барлығы Алясканы сату идеясын қолдады. Қаржы министрлігі ең төменгі бағаны – бес миллион доллар алтын деп белгіледі. 1866 жылғы 22 желтоқсанда Александр ІІ аумақ шекарасын бекітті.
1867 жылғы наурызда Стекль Вашингтонға барып, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Уильям Сьюардқа ресми түрде ұсыныс жасады. Келісім 1867 жылғы 30 наурызда Вашингтонда қол қойылды. Аумағы 1 миллион 519 мың км² жер 7,2 миллион доллар алтынға сатылды. Бұл әр шаршы километріне шамамен 4,74 доллардан келді. Салыстырар болсақ, АҚШ 1803 жылы Франциядан сатып алған әлдеқайда құнарлы Луизиана аумағы шамамен 7 доллар/км²-ға түскен.
Алясканы АҚШ-қа беру рәсімі 1867 жылғы 18 қазанда Форт-Ситкада өтті. Ресей тарапынан адмирал Алексей Пещуров бастаған комиссарлар келді. Салтанатты түрде Ресей туы түсіріліп, АҚШ туы көтерілді. Америкалық тараптан генерал Лавелл Руссо басқарған 250 сарбаз қатысты. Осы күннен бастап, 18 қазан – Аляска күні ретінде атап өтіледі (1917 жылдан бері).
Аляска қалалары: Жолсыз астана мен ірі мегаполис
Астанасы Джуно – 1880 жылы француз алтын іздеушісі Джозеф Джуно тапқан кен орнының негізінде пайда болған қала. Қазір онда шамамен 33 мың тұрғын бар. Ерекшелігі – Джуноға АҚШ-тың негізгі бөлігі немесе Алясканың өзге аймақтарынан автожолмен жету мүмкін емес. Қалаға тек теңіз немесе әуе жолдары арқылы баруға болады.
Ең ірі қала – Анкоридж. Мұнда 291 мың адам тұрады, бұл – штат халқының 40%-ы. Салықтық жеңілдіктері мен инфрақұрылымы оны өмір сүруге қолайлы етеді. Алайда астананы Анкориджге көшіру жөніндегі бастамалар бір ғасыр бойы талқыланып келеді.
Алтын мен мұнайдың мекені
1879–1920 жылдар аралығында Аляскадан 460 млн долларлық алтын өндірілген (қазіргі шамамен 7,22 трлн доллар). Алайда 1930 жылдары алтын қоры сарқыла бастады.
1968 жылы Прадхо-Бей мұнай кен орны ашылды. Оның аумағы – 86,4 мың гектар, қоры – 25 млрд баррель. Мұнай өндіру 1977 жылы басталып, ұзындығы 1 287 шақырым болатын Транс-Аляска мұнай құбыры салынды. Құбырдың өзі Жапониядан арнайы жасатылды.
Аляска экономикасы мұнай, газ, көмір, алтын, түсті және бағалы металдар, теңіз өнімдерін өңдеу мен ағаш өндірісіне сүйенеді. Мұнай қоры азайып келе жатқанымен, штат жаңа пайдалы қазбаларды іздеуді жалғастырып жатыр.