UFC-де тағы бір қазақ: Әліби Ыдырыс келісімшарт үшін шешуші жекпе-жекке шығады

Жексенбі, 17 тамыз күні таңертең қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Әліби Ыдырыс (10-0) АҚШ-тың Чикаго қаласында өтетін UFC 319 турнирінде өнер көрсетеді.
Жеңіліп көрмеген қазақстандық файтер америкалық Джозеф Моралеспен (12-2) күш сынасады. Жекпе-жек The Ultimate Fighter турнирінің финалы аясында өтеді. Жеңімпаз UFC-мен келісімшартқа қол қояды. Ыдырыс пен Моралес арасындағы айқас Астана уақытымен сағат 03:00-де басталады.
Әліби Ыдырыс соңғы рет былтыр мамыр айында октагонға шығып, бразилиялық Эдилсон Сантос Жуниорды (9-3) бірінші раундта нокаутқа жіберген еді. Ал Джозеф Моралес ақпан 2023 жылдан бері жекпе-жекке шықпаған. Соңғы кездесуінде америкалық Энтони Дуны (9-8) үшінші раундта жеңген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Асу Алмабаев Абу-Дабиде өткен UFC Fight Night турнирінде жеңіске жеткен еді.