
Танымал әнші Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова болашақ сәбиінің жынысын анықтауға арналған гендер пати өткізді. Бұл туралы актриса өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
Жұлдыздың айтуынша, бұған дейін төрт баласына да мұндай шара ұйымдастырмаған.
«Аса қатты гендер пати жасағым келмеді. Бірақ төрт құбыламның көңілін қимағандықтан, у-шусыз өткізейік деп ортақ шешімге келдік», – деп жазды Жұлдыз.
Айта кетейік, Қайрат пен Жұлдыздың Сезім және Алау есімді екі қызы, Нарұл мен Хан атты екі ұлы бар. Енді олар бесінші сәбиді күтіп отыр.
Жұлдыз гендер патиде болашақ баланың жынысын нақты ашып көрсетпеген. Дегенмен, желі қолданушылары бейнежазбада қуанышқа бөленген Алау мен Сезімді көріп, «қыз болар» деп болжады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жұлдыз «жаңа адаммен жаңа үйде» деп жазба қалдырып, жаңа баспанасына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын көрсеткен еді.