
АҚШ Қаржы министрлігі қырғызстандық Grinex криптовалюта биржасына санкция салды. Бұл туралы OFAC дерегіне сілтеме жасаған Frank Media жазды.
Биржаны санкциялық шектеулерді айналып өту үшін Garantex компаниясының қызметкерлері құрған еді. Garantex Europe компаниясының өзі 2022 жылдан бері америкалық санкциялар тізімінде тұр.
АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы Эстонияда құрылған және Мәскеу мен Санкт-Петербургте жұмыс істеген Garantex даркнет нарықтарына және Conti, LockBit, Ryuk секілді хакерлік-топ-шифраторларға қызмет көрсеткен. 2022 жылы биржа лицензиясынан айырылғанымен, жұмысын жалғастырып, қаржы институттарынан криптовалюта әмияндардың мекенжайларын жасыру үшін инфрақұрылымын қолданған.
2025 жылғы наурызда АҚШ пен Еуропа құқық қорғау органдары Garantex доменін бұғаттап, 26 млн долларды бұғаттап тастаған еді. Осыдан кейін клиенттер мен активтер жаңа платформа Grinex-ке ауыстырылды. Бұл Grinex-тің санкцияларды айналып өту үшін құрылғанының дәлелі деп есептейді АҚШ Қаржы ведомствосы.
Сондай-ақ санкция тізіміне A7A5 стейблкоинін құру және шығару ісіне қатысқан құрылымдар енгізілді. Бұл токеннің ресми эмитенті ретінде қырғызстандық Old Vector компаниясы көрсетілген, оны әзірлеуге Garantex және ресейлік A7, A71, A7 Agent компаниялары қатысқан. Аталған компаниялар молдовиялық кәсіпкер Илан Шор мен Ресейдің «Промсвязьбанк» банкіне тиесілі.
OFAC нұсқасы бойынша, токен Garantex клиенттеріне қаражатты қайтару және қаржылық шектеулерді айналып өту үшін пайдаланылған.
«Garantex қаражатты Grinex-ке аударып, құқық қорғаушылардың әрекетінен кейін ақшасынан айырылған клиенттерге рубльмен қамтамасыз етілген A7A5 токені түрінде өтемақы берді», — деп мәлімдеді америкалық ведомство.
Америкалық санкцияларға іліккен қырғызстандық компания бұл ғана емес. Осы жылдың басында Керемет Банкіне қарсы санкция салған еді. Ұйымды антиресейлік санкцияларды айналып, әрекет етті деп айыптады.
Банктің өзі бұл шешіммен келіспейтінін жеткізіп, қара тізімінен алып тастауды сұраған.