Qazaq Stroy иесі Артықбаев «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп газ өндіретін болды

Миллионер және Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Самұрық-Қазынаға» тиесілі газ өндіруші компанияның үлескері атанды. Бұл – Артықбаевтың мемлекеттік холдинг компанияларымен екінші әріптестігі.
Бұл жолы сөз шілде айында «Астана» қаржы орталығына тіркелген Taiqonyr Energy компаниясы туралы болып отыр. AFSA дерегінше, ұйымның меншікті капиталы – 44,2 млрд теңге. Ол «Маңғышлақ-Мұнай» және Qazaq Gaz арқылы «Самұрық-Қазынаға», сондай-ақ құрылтайшысы Артықбаев деп есептелетін Gas Solutions компаниясына тиесілі.
Өз кезегінде «Маңғышлақ-Мұнай» Түркістан облысындағы Придорожное кен орнында газ өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығына ие.
Артықбаевтың «Самұрық-Қазынамен» тағы қандай байланысы бар?
2027 жылы «Самұрық-Қазынаның» басқа еншілес ұйымы, «Қазатомөнеркәсіп» Түркістан облысы Тайқоңыр ауылында жылына 800 мың тонна өнім өндіретін күкірт қышқылы зауытын іске қосуды жоспарлап отыр.
Зауыт құрылысына жауапты әрі қаржыны алған – Taiqonyr Qyshqyl Zauyty. Оның құрылтайшылары – «Қазатомөнеркәсіп» еншілес құрылымы «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» және Asia Pipeline Services. Соңғы компания TSKZ Solutions арқылы Qazaq Stroy-ға тиесілі.
Forbes нұсқасы бойынша, Нұрлан Артықбаев Қазақстандағы ең бай адамдар қатарына кіреді және 228 млн доллар дәулетімен 44-орында тұр.
Құрылыс компаниясынан бөлек, кәсіпкер «Қазақтелеком» акцияларының 9,19%-ын Telecom Systems Ltd арқылы басқарады. Бұл үлесті ол 2024 жылдың төртінші тоқсанында Jusan Bank-тен (бұрынғы атауы – Alatau City Bank) сатып алған.
Осы жылдың басында Qazaq Stroy-ға қатысты шу болған. Алматыда 40 құрылысшы Qazaq Stroy құрылыс компаниясы бас кеңсесінің алдына жиналып, жалақы бермегеніне наразылық білдірген еді.