«Балалар үйренсін»: Ресей премьері Садыр Жапаровқа орыс тілі оқулығын сыйлады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Михаил Мишустин орыс тілі кітабын ұстап отырған сәті / Фото: Kaktus Media

Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Қырғызстанға ресми іс-сапармен келді. Ол Қырғызстан преиденті Садыр Жапаровқа орыс тілі оқулықтарын сыйға тартты деп жазады TACC агенттігі.

Қос тарап кездесуде сауда айналымын арттыру, инвестициялық әріптестік мәселелерін талқылады. Михаил Мишустан екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысқа мән беріп, тоғыз мектеп жобасына ерекше тоқталды.

«Біз мәдени-гуманитарлық байланысымызды дамытуға ерекше мүдделіміз. Сіздің Владимир Путинмен келісіміңізге сай Қырғызстанда екі елдің диплом стандартына тең болатын тоғыз орыс мектебін салу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сізге орыс тілі қолданысына барынша назар салып жатқаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Осы сәтті пайдаланып, Садыр Нұрғожаұлы, сізге орыс тілі кітабын алып келдім. Осы оқулықтармен Қырғызстан балалары орыс тілін үйренеді деп үміттенемін», – деді Михаил Мишустин.

Еске салсақ, Қырғызстан мен Ресей серіктестігі аясында елде жаңа орыс мектептері пайда болмақ. Олардың алғашқы үшеуі Бішкек, Бәткен және Қаракөлде салынады.

Ашық деректерге сүйенсек, жалпы ТМД елдерінде орыс тілінде ғана оқытатын 8500 мектеп болуы мүмкін. Соңғы жылдары Ресей үкіметі орыс мектептері жобасын белсенді жүргізіп жатыр.

Екі жыл бұрын Қазақстанда да орыс тілінде сабақ беретін үш мектеп ашылатыны жайлы хабарланған. Олар Ресей қаржыландыруымен Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарына салынуы керек еді. Бірақ ол білім ошақтарының құрылысы қанша уақытқа жалғасатыны, қашан ашылатыны әзірге белгісіз.

2030 жылға дейін Ресей Тәжікстанда да орыс тілінде оқытатын бес мектеп, ал Түркіменстанда бір мектеп ашпақшы.

Сондай-ақ оқыңыз