46 кеншінің қазасына қатысты іс бойынша үкім шықты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Костенко шахтасындағы апатқа қатысты күдіктілердің тізімін жариялады
Костенко шахтасындағы апатқа қатысты іс бойынша он адам сотталды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қарағанды соты Костенко шахтасында 46 кеншінің қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Он адам бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Үкім

Сот оларды Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша айыпты деп тапты. Сот тағайындаған жаза:

  • Сергей Мустивко (шахта директоры) 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Вадим Ерёмин (шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары) 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Николай Грознов (шахтаның бас инженері) 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Виктор Коптенков (апат болған №6 учаскенің бастығы) 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Владимир Гонноченко (бас инженердің орынбасары) 6 жыл алты айға бас бостандығынан айырылды;
  • Дмитрий Федоренко (бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары) 6 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Виталий Пестряк (желдету және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бастықтың көмекшісі) 6 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Владимир Шишканов (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы) 5 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Төлеген Габдушев (конвейерлік көлік учаскесінің бастығы) 5 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Дмитрий Коцар (шахтаның бас механигі) 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Іс Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейханов ауданының сотында қаралды. 74 адам жәбірленуші ретінде сотқа қатысты. Сот процесі Қарағанды тергеу изоляторының спорт залында өтті.

Костенко шахтасындағы апат

2023 жылғы 28 қазанда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты. Тағы 28 кенші жарақат алды. Осы апаттан кейін президент үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

2023 жылдың 8 желтоқсанында ArcelorMittal мемлекет бақылауындағы Qazaqstan Investment Corporation (QIC) тікелей инвестициялар қорына «АрселорМиттал Теміртауды» сату аяқталғанын жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз