Жаңалықтар

Адвокат: Шерзат Полат үйін өртеуге қатысты іс жабылған жоқ

Тергеу органдары Шерзаттың үйін өртегендерді әлі таппаған
Талғарда Шерзат Полат тұрған үйді былтыр қазанда өртеп кетті / фото: Kursiv.Media мұрағаты

Адвокат Мейірман Шекеев Талғарда былтыр қазанда Шерзат Полат отбасы тұратын үйдің өртенуіне қатысты қылмыстық іс тоқтатылмағанын хабарлады. Осының алдында баспасөзде іс жабылғаны туралы мәлімет тараған.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы қазанда, 16 жастағы Шерзат Полат қазасынан бір аптадан кейін, оның отбасы тұратын үй өртенді. Полиция қылмыстық іс қозғады. 15 тамызда жергілікті БАҚ осы іс тоқтағаны жөнінде мәлімет таратты. Баспасөз Алматы облысы прокуратурасының дерегіне сүйенді.

Алайда Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың мүддесін сотта қорғаған адвокат мәліметті жоққа шығарып отыр.

«Әлеуметтік желілерде, ірі медиа-порталдарда Қаржаубайдың үйінің өртенуіне қатысты қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Бізге мәлім ақпарат бойынша, Қаржаубайдың үйінің өртенуіне байланысты қылмыстық іс, ҚР Қылмыстық процестік кодексі бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімінің үзілгендігін білдіреді. Бұл істің жабылғанын білдірмейді«, – деп түсіндірді заңгер.

«Қаржаубай Нұрымовтың үйіндегі өрт бойынша қазір қылмыстық іс жүргізудің мерзімі Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабының 7-бөлігі 5-тармағына сәйкес (құқықтық көмек көрсету шеңберінде процессуалдық әрекеттерді орындауға байланысты) тоқтатылды», – делінген Алматы облысы прокуратурасы таратқан ақпаратта.

Тамыздың басында Шерзаттың әкесінің бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазаны қатысты қылмыстық іс тоқтатылғаны мәлім болды.

Шерзат Поластың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша 9 адам сотталды. Жақында сотталушылардың бірі бостандыққа шықты.