Алматы қаласында қазақ мектебінің үлесі 16% ғана

Халқы 2,3 миллионнан асатын Алматы қаласы тұрғындарының шамамен 63%-ы – қазақ. Алайда мегаполистегі жүздеген білім беру мекемесінің 16%-ы ғана – қазақ мектебі. Оңтүстік астанада аралас мектеп көп. Kursiv.Media жаңа оқу маусымы қарсаңында, қалалық білім басқармасы порталындағы мәліметтерге сүйене отырып, сараптама дайындады.
Мектеп таңдау мәселесі
Жазғы демалыс аяқталуға жақын. Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мектеп таңдауға кіріседі. Білім мекемесіне оқушы қабылдау ісінің аяқталуына санаулы ғана күн қалды. Науқан әдетте 1 сәуірде басталып, 31 тамызда аяқталады. Қазақстанның білім ордасы саналатын Алматының өзінде мектеп таңдау оңай шаруа емес.
Өйткені мегаполисте мектеп жетіспейді. 2024 жылдың аяғында шамамен 30 мың парта қажет екені айтылған. Содан бері мәселе шешіле қойған жоқ.
Мектеп таңдаудағы тағы бір қиыншылық – қалада қазақ мектебі аз. «Баланы қазақша оқыт», «қазақ мектебіне тапсыр» деген сарында жиі айтылатын кеңеске құлақ ассақ та, Алматы секілді қалада оны жүзеге асыру өте қиын болып тұр.
Алматы мектептері туралы мәлімет
Мектеп жасына жеткен балаға білім мекемесін іздейтін ата-ана Алматы қаласы білім басқармасының Мемлекеттік қызмет көрсету порталы – bilimalmaty.kz сайтымен жақсы таныс. Біз де ең әуелі осындағы мәліметтерге үңілдік.
Портал мәліметіне қарағанда, Қазақстандағы ең ірі қалада 1390 білім беру мекемесі бар: 933 балабақша және шамамен 400 мектеп.
Мегаполисте білім беру мекемесінің барлық дерлік түрі бар. Алматыда 86 мемлекеттік орта мектеп жұмыс істейді. Басқалары кейінгі бірнеше жылда білім беру сапасын арттырып, мәртебесін өзгертіп, лицей немесе гимназияға айналған. Қазір Алматыда 22 гимназия, 8 лицей, 10 мектеп-лицей және 47 мектеп-гимназия бар.
Кейінгі жылдары ең ірі қалада жекеменшік мектеп көптеп ашылды. Білімге инвестиция құюға әзір кәсіпкер көбейді. Қазір Алматыда 133 жеке мектеп бар.

Мектеп тілі
Ата-ана білім беру мекемесінің сапасына ғана емес, тіліне де назар аударады. Білім басқармасы порталындағы мәліметке сүйенсек, Алматы қаласында бар болғаны 68 қазақ мектебі бар. Бұл – мегаполистегі барлық білім мекемесінің 16 пайызы ғана.
23 орта мектеп, алты лицей, бес гимназия, алты мектеп-лицей, 17 мектеп-гимназия, бес жеке мектеп, алты колледж тек қана қазақ тілінде білім береді.

Оңтүстік астанада 48 орыс мектебі бар (12%). 21 орта мектеп, бір лицей, 12 гимназия, үш мектеп-лицей, тоғыз мектеп-гимназия, екі колледж орыс тілінде білім беріп жүр. Айта кетейік, қаладағы 133 жекеменшік білім мекемесінің ішінде бір де бір орыс мектебі жоқ. Жеке қолдағы оқу ордасының бесеуі ғана қазақ мектебі.
Алматыда бір орта мектеп пен екі мектеп-гимназия ұйғыр тілінде білім беріп келеді.
Балабақша тілі
Қалалық білім басқармасы порталында 933 балабақша жұмыс істейтіні көрсетілген. Ал олардың жартысына жуығы – 472 бақша қазақ тілінде бала тәрбиелеп отыр. Алматыда 257 орыс балабақшасы бар. Төрт ағылшын бақшасы жұмыс істейді.

Осының өзінен-ақ қазақ бақшасына сұраныс жоғары екенін аңғаруға болады. Қазақша бақшада тәрбиеленген балалар ертең қай мектепке барады? Қазақ мектебі аз болғандықтан, амалсыз аралас мектепті таңдауға тура келеді.
«Көп емес, бір-ақ нәрсе айтайыншы: аралас мектептерді былай қойғанда, таза орыс мектептерінің мұғалімдері мен оқушыларының 70%-ы – қазақ», – дейді филолог, тіл жанашыры Назгүл Қожабек Kursiv.Media-ға.
Мегаполисте 281 аралас мектеп бар. Олардың 128-і – кейінгі бірнеше жылда ашылған жекеменшік білім беру мекемесі. Алматыда аралас үрдіс басым.