Жаңалықтар

Биылғы оқу жылында 84 мың теңге стипендияны қандай студенттер алады

Қай мамандық студенттері 84 мың теңге шәкіртақы алады / Фото: kursiv.media архиві

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектен бастап қай мамандық студенттері 84 мың теңге шәкіртақы алатынын айтты.

Мемлекет басшысы тамыз конференциясының пленарлық отырысына қатысып сөз сөйледі. Тоқаев биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінгенін атап өтті.

«Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді»,– деп мәлімдеді Президент.

Сондай-ақ Тоқаев былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагог мамандығына оқуға түскенін еске салды. Ал биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр.

«Бұл – барлық «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады. Мұғалімнің білігін, мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру үшін басқа да көптеген шаралар атқарылды. Нәтижесі жаман емес», деп толықтырды Мемлекет басшысы.

Айта кетейік мемлекеттік грантта педагог мамандығына оқығандардың 90%-ы оқуды бітірген соң жұмысқа тұра алмаған. Мұндай деректі осыған дейін мәжіліс депутаты Нұргүл Тау келтірген болатын.