Буллингке қарсы күрес емес, алдын алу маңызды – Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Альбина Залмұқанова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында «ДОСБОЛLIKE» бағдарламасы туралы айтты.
«Биыл отандық сарапшылар әзірлеген «ДОСБОЛLIKE» бағдарламасы тоғыз өңірде пилоттық жоба ретінде іске асырылды. Нәтижесінде бағдарлама мектептер мен колледждерде енгізілетін болды. Диагностика деректері бойынша, жәбір көрсетуші балалардың үлесі 1,5 пайызға, ал өзін жәбірлеуші ретінде сезінетіндердің үлесі 5,4 пайызға азайды», – деді Залмұқанова.
Бағдарлама аясында пән мұғалімдерінен бастап күзетшіге дейінгі барлық қызметкерлер қатысатын антибуллингтік топтар құрылады. Бұл топтар буллингтің алдын алу, бақылау және анықталған жағдайда дер кезінде көмек көрсету жұмыстарын атқарады.
Педагогтарға диагностикалау және нақты әрекет ету алгоритмдері үйретіледі. Баланың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, психологиялық қолдау орталықтарының мамандарымен бірлескен әдістемелер әзірленеді.