Қытай көліктерінің бағасы құлдырай бастады ма?

Жарияланды
Еуропада тізгінделген Қытай көліктеріне сенім аз/ Фото: Beijing,,China-may,1,,2024:,The,Byd,Destroyer,05,Car,Model

Еуропада қолданылған қытай электромобильдерінің бағасы күрт төмендеуде. Бірнеше жыл бұрын MG, BYD, NIO секілді маркаларға қызығушылық танытқан нарық, бүгінде кері үрдісті байқатып отыр. Қайталама нарықта бұл көліктерге сұраныс азайып, бағалары жылдам құнсыздана бастады.

«Электрошок»

Еуропалық нарықты зерттеген сарапшылардың мәліметінше, соңғы алты айда қолданылған қытай электромобильдерінің бағасы орта есеппен 20-30% төмендеген. Әсіресе MG4 Electric, BYD Atto 3, BYD Dolphin модельдері қатты арзандаған. Кейбір дилерлер бұл жағдайды «смартфондар синдромымен» салыстырады: техника жұмыс істеп тұр, бірақ оны ешкім қажет етпейді.

Мұның бірнеше себебі бар

Біріншісі, ұзақмерзімділікке сенімсіздік. Қытай брендтері Еуропада белсенді түрде жарнама жасап, бәсекеге қабілетті баға ұсынғанымен, олардың сапасына деген сенім әлі де әлсіз. Көптеген еуропалықтар бұл электромобильдер Volkswagen, Renault немесе Hyundai секілді брендтердің сапасына жете алмайды деп есептейді.

Сол себепті қайталама нарықтағы сатып алушылар тәуекелге барғысы келмейді: кепілдік мерзімі қысқарады, ал көліктің төзімділігі мен сапасы уақыт сынынан өтпеген. Нәтижесінде – тіпті екі жылдық MG мен BYD көліктері де үлкен жеңілдікпен сатылып жатыр.

Екінші, қызмет көрсету мен қосалқы бөлшектер мәселесі. Тағы бір маңызды себеп – Қытай брендтеріне қызмет көрсететін орталықтардың жеткіліксіздігі. Соңғы уақытта кеңею жұмыстары жүріп жатса да, Еуропаның көптеген аймақтарында қажетті инфрақұрылым әлі де жоқ. Сонымен қатар, түпнұсқа қосалқы бөлшектерді жеткізу қиындықтары да сатып алушылардың сенімін азайтады.

Үшінші, технологияның жылдам ескіруі. Қытай автонарығы өте жылдам дамып келеді. Бұл бір жағынан нарыққа теріс әсер етіп отыр. Жарты жыл сайын жаңа, қуатты әрі арзан модельдер шығып жатыр. Нәтижесінде 2022-2023 жылдары шыққан көліктер ескіріп қалғандай әсер қалдырады да, қайталама нарықта тартымдылығы төмендейді.

Төртінші, саяси тәуекелдер. Еуропалық Одақ Қытай брендтеріне қатысты саясатын күшейтіп жатыр. 2025 жылдың маусым айынан бастап ЕО Қытайдан әкелінетін жаңа электромобильдерге қосымша салықтар енгізді, бұл антикытайлық риториканы күшейтті. Бұл салықтар тізгінделген көліктерге әсер етпесе де, тұтынушылар Қытай автокөлігін «қауіпті актив» ретінде қабылдай бастады.

Болашаққа болжам қандай?

Қытай брендтері енді стратегияларын қайта қарауға мәжбүр болады. Бір жолы   – сертификацияланған тізгінделген автокөліктер (Certified Pre-Owned, CPO) бағдарламасын дамыту. Аталған жүйе еуропалық және жапон автоконцерндерінде бұрыннан бар. Сонымен қатар гарантия мен сервиске басымдық берілуі мүмкін, әсіресе тізгінделген автолар нарығында.  Әзірше, Еуропада қолданылған қытай электромобильдері өз жетістіктерінің құрбаны болып отыр: нарыққа жылдам енгенімен, ұзақмерзімді сенімге ие бола алмады. Қорыта айтқанда бұл жағдай еуропалық тұтынушылар болашақта да құнын жоғалтпайтын,  сенімді темір тұлпар іздейдітінін айқын көрсетті. 

Еске сала кетсек, бұған дейін көрші елдегі автокөлік өндірісінің қарқынды дамуының себебін талдаған едік.Бейжің технологиялық жағынан жетілдірілген автокөлік брендтерін дамытуға жетпіс жылдан аса уақыт жұмсаған. Бастапқыда АҚШ және Еуропа инженерлерінің күшімен алпауыт зауыттар құрылып, кейін Жапонияның маркалары да нарыққа келе бастады. Ал Қытай үкіметінің қолдауы күшейген соң сала бұдан да жоғары қарқынды дами бастады. 

Сондай-ақ оқыңыз