«Пайдасыз саммит»: Аляскада кездескен Трамп пен Путин келісе алмады

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин келісе алмады. Көпшілік Аляскадағы саммит нәтижесіз аяқталды деп бағалады. Өйткені Украинадағы атыс тоқтаған жоқ, ешқандай келісім жасалмады. Ақ үй қожайыны да мақсат орындалмағанын мойындады. Бұл туралы CNN хабарлайды.
Украин мәселесі талқыланған саммит
16 тамызға қараған түні АҚШ-тың Аляска штатында орналасқан Анкоридж қаласындағы әскери базада Трамп пен Путин саммиті өтті. Элмендорф-Ричардсон базасына жарты сағат бұрын ұшып келген Ақ үй қожайыны Ресей президентін әуежайда күтіп алды. Екеуі қол алысып, суретке түсті. Осы сәтте әуеде америкалық әскери ұшақтар ұшып жүрді.

Президенттер саммит қарсаңында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген жоқ. Көп ұзамай журналистер залдан шығарылып, бүкіл әлем бақылаған маңызды кездесу белгіленген уақытта басталды. Шағын құрамдағы келіссөздер 2 сағат 45 минутқа созылды. Трамп та, Путин де саммитке бірнеше министрін ерте келген.
Қос тараптан үш адамнан қатысқан саммитте нақты не талқыланғанын әзірге ешкім білмейді. Қандай да бір жауап алуға асыққан журналистер залға жиналып, екі президенттің брифингін күтті. Алайда Трамп та, Путин де қысқаша мәлімдемемен шектелді. Олар БАҚ өкілдері сауалдарына жауап берген жоқ.
Путин мәлімдемесі
Брифингті Ресей президенті бастады. Әдетте бірінші сөйлетін Трамп бұл жолы үнсіз бақылап қана тұрды. Сөз басында Путин кейінгі жылдары екі ел қарым-қатынасына сызат түскенін мойындады. Ол Аляскадағы келіссөздер өзара сыйластықпен өткенін айтты.
«Келіссөздеріміз өзара құрмет, түсіністік және сыйластықпен өтті. Қажетті әрі пайдалы жүздесу болды», – деп сипаттады Путин Аляскадағы саммитті.
Содан кейін Ресей басшысы Аляскаға шақырғаны үшін Трампқа алғыс айтты.
«Кездесудің осында өтуі орынды. Себебі екі елді мұхиттар бөліп тұрғанына қарамастан, жақын көршілер», – деп мәлімдеді Кремль қожайыны.
Путиннің мәлімдеуінше, Украинадағы соғысты доғару үшін оның алғышартын жою қажет.
«Украинадағы жағдай қауіпсіздігімізге төнген қауіппен байланысты», – деді ол. Дегенмен Ресей оны аяқтауға мүдделі.
Путин сұрақтардан жалтарып, бар болғаны сегіз минут сөйледі.

Трамп мәлімдемесі
Президент Дональд Трамп қос тарап та «айтарлықтай нәтижеге», «елеулі прогреске» жеткенін айтты. Бірақ Ақ үй қожайыны «келісімшарт жасалмайынша, ешқандай келісім де болмайды» деді.
«Шамалы уақыттан соң НАТО-ға қоңырау шаламын. Қажет деп тапқан адамдарға хабарласам. Әлбетте, президент Зеленскийге де телефон соғып, бүгінгі кездесу туралы айтып беремін. Түптеп келгенде, бәрі солардың қолында тұр», – деп мәлімдеді Трамп.
Бірақ көздеген мақсат орындалмағаны мәлім болды.
«Айтарлықтай нәтижелі кездесу болды. Көптеген мәселе келісілді. Біз көздеген мақсатқа жете алмадық, бірақ соған жетуге мүмкіндігіміз мол», – деді АҚШ президенті.
Сонымен бірге Трамп Путинмен талқыланған нәрселерге Украина «келісуі» керек екенін айтты. Бірақ Киевтің нақты неге келісуі тиіс екені әзірге белгісіз.
Баспасөз конференциясында Трамп пен Путин сауалдарға жауап берген жоқ. Әдетте көп сөйлейтін АҚШ президентінің мәлімдемесі төрт минутқа ғана созылды, деп хабарлайды CNN.
Брифинг соңында Путин келесі жолы Мәскеуде кездесуді ұсынған, бірақ Трамп нақты жауабын берген жоқ.
«Қызық сауал екен, мен оны аздап шымшып өткім келіп тұр. Дегенмен ондай мүмкіндікті жоққа шығара алмайтын», – дей салды Ақ үй басшысы.
Кім ұтты, кім ұтылды?
Келіссөздер барысында нақты не айтылғаны туралы мәлімет аз екеніне қарамастан, қазірдің өзінде Аляскадағы саммит нәтижесіз аяқталғаны мәлім. Ұрыс тоқтамады, келісім жасалмады.
«Трамп ұтылмады, бірақ Путин жеңіске жеткені анық», – дейді АҚШ президентінің бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон.
«Путин уақыт ұтқанға ұқсайды. Атысты доғару немесе деэскалация келісілмеді», – деп жазды украин депутаты Алексей Гончаренко әлеуметтік желіде.
«Бұл саммиттен ештеңе шықпады. Түк пайдасы жоқ дүние болды», – деп есептейді америкалық сенатор Ричард Блюменталь.
Брифингтің аяқталғанынан кейін көп ұзамай Путин ұшағына отырды. Аляскада бас-аяғы алты-ақ сағат болған Трамп та Вашингтонға ұшты.