Lifestyle

Балаcын жетектеп жүріп жұлдыз еткен продюсер аналар

Балаcын жетектеп жүріп жұлдыз еткен продюсер аналар / Фото: коллаж kursiv.media

Қазақстандық шоу-бизнес пен киноиндустрияда баласын танымал ету үшін тынбай жұмыс істеп, жетектеп жүрген ата-аналар бар. Яғни жұлдыздың жарқ етуіне продюсерлік орталық не лейбл емес, нақ ата-анасы сеп болған оқиғаларды кездестіруге болады. Мұндай әке-шелелер өзі менеджер, өзі имиджмейкер, өзі пиаршы, өзі режиссер болып жүреді. Соның арқасында баласының талантын барынша ашады. Kursiv Media тілшісі баласы үшін тақым қысқан продюсер-аналарға шолу жасады.

Гүлзира Айдарбекова — Қайратты Қайрат қылған стратег 

Гүлзира Айдарбекованы барлығы Қайрат Нұртастың анасы деп қана емес, продюсері деп те таниды. Өйткені расында Қайраттың Қайрат болуына ат салысқан — анасы. Мұны әншінің өзі де айтып жүреді. Ұлының шоу-бизнесте феномен болуы үшін Гүлзира барын салды. Еңбекқор, қайтпас қайсар әйел екенін мойындау керек. Ендеше, Қайратты ол қалай жұлдыз қылды — осы туралы айтайық.

Гүлзираның айтуынша, жас кезінде күйеуі — Нұртас отырыстарда жиі ән салатын болған. Даусы да әдемі болған деседі. Дегенмен жұмыс, отбасын асыраудың қамымен жүрген оған әнші болу тағдырына жазылмапты. Содан Гүлзира «ұл тапсам, әнші қыламын» деп мақсат қойған екен. Қайраттың әнші болуына анасының осы ниеті де әсер еткен болса керек. Осылайша ұлды болған Гүлзира Қайратты 10 жасынан бастап сахнаға «сүйреген». Әр продюсерге бір апарып, басын тауға да, тасқа да соққан оның жолына лайық жетекші табылмайды. Жолыққан продюсерлері Қайраттың талантына сенбей, әнші бола алмайды деп шорт кесіпті. Сөйтіп барлығын қойып, өзі кіріседі.

Продюсерлікті қолға алған Гүлзира Айдарбекованың жұмысы алға жылжиды. Тіпті 19 жасында Қайрат Алматыда алғашқы жеке концертін өткізеді. Әрмен қарай бейнебаян түсіріп, хит әндер жаза бастайды. Ол аздай, KN деген брендті қалыптастырды. Қайраттың атымен жеке журнал, бренд киімдер дүкені, музыка мектебі, киностудия ашылып, ол кәсіптері мол табыс әкелді.

Байқасаңыз, мұның бәрі — қаншама еңбек. Қайрат Нұртастың анасына алғыстан өзге айтары болмайтыны да түсінікті. Тіпті мәселе ерекше дарында да емес, көрінбейтін, кадрдан тыс жұмыстың бәрін атқарып отырған анасының үлесі көп екенін жиі айтып жүреді. Халықтың сүйіктісіне айналған Қайрат анасымен бірігіп бір жылдары фильмдер де түсірді. Атап айтқанда, 2013 жылы «Өкініш» деген биографиялық туынды өмірге келді. Ал 2017 жылы «Арман» фильмінің тұсауы кесілді. Қазір Қайрат — стадион толы тыңдарман жинайтын хитмендердің бірі. Анасы болса, әлі де продюсерлік қызметін жалғастырып келеді. Байқауымызша, әзірге тоқтайтын түрі де жоқ. Гүлзира — еңбексүйгіш, баласы үшін тау қопаратын әйел.

Айнұр Жүгінісова — отбасы құндылығын басты орынға қойған продюсер

Айнұр Жүгінісованы кейінгі кезде көпшілік отбасы құндылығын дәріптейтін, салт-дәстүріміздің амбассадоры деп таниды. Дегенмен Айнұрдың одан да бұрын сіңірген еңбегі — жұлдыз балаларды тәрбиелеп шыққаны десек, артық болмас. Олай дейтініміз «Ағайынды Жүгінісовтердің» танылуына бірден-бір сеп болған жан — аналары.

Рүстем, Мирас, Мұхамедәлі Жүгінісовтердің байқауларға қатысып, жүлде алып, талай концерттен төбе көрсеткен кезі әлі жұрт есінде. Әдемі дауыстары, ерекше стильдерімен көпшілікті тәнті қылған. Сол кішкентай ғана балалардың қалай ер жетіп кеткенін түсінбей, таңырқайтындар әлі де табылады. Ағайынды үш жігіт қазір бірігіп бір топта ән салмайды. Үлкені — Рүстем әншіліктен кетіп, кәсіпке ден қойды. Ал Мирас — қазір жастар арасында ең танымал, аренаға лық толы фанат жинайтын әнші. Мұхамедәлі де байқауларға қатысып, жүлделі оралып жүр. Ал енді жігіттердің танылуына олардың анасы — Айнұрдың сіңірген еңбегіне келсек. Ол — театр актрисасы.

Жас кезінде театрда жұмыс істеген. Ал жолдасының мамандығы — хореограф. Дегенмен олар шаңырақ көтерген жылдары жағдай мәз болмай, шығармашылық жолына түспей, күнкөріс қамымен саудаға кеткен. Ал Айнұр театрда жұмыс істеуін жалғастырған. Бірақ артистер арасында бәсеке жоғары болып, басты рөлге күресу оңай болмай, Айнұр ақыры отбасын таңдайды. Осылайша бүгін бәріміз білетін, отбасы құндылығын жоғары қоятын әйелге айналады. Ол сұхбаттарында үнемі «менің өмірдегі миссиям — ана болып, саналы ұрпақ тәрбиелеу» деп отырады. Балаларына барын берген ана ақыры продюсер ретінде ұлдарына жол көрсетеді.

Ағайынды Жүгінісовтер бала кезінен үлкен сахналарды бағындырады, бейнебаяндар түсіреді. Қазіргі таңда Мирас пен Мұхамедәлі — шоу-бизнесте. Мирас басқа продюсермен жұмыс істеп жүрсе де, анасына үнемі алғыс айтып отырады. Ал топтың кенже мүшесі байқауларға қатысып, жүлдемен оралып жүр. Балаларына бар махаббатын төгіп, олардың жетістікке жетуі үшін тынбай еңбек еткен ананың бірден-бір үлгісі — Айнұр Жүгінісова. 

Баласының жетістігіне жанама әсер еткен продюсерлер

Алдыңғы мысалдарда баласын жетектеп жүрген аналарды айттық. Ендігі кезекте тікелей ат салыспаса да, баласының танылуына жанама әсері тиген әке-шешелерге шағын шолу жасасақ. 

Баян Мақсатқызы

Баян — Қазақстандағы топ продюсерлердің бірі. Қанша әншінің танылуына әсер етті. Еліміздегі мықты герлз-бенд құрды. Түсірген фильмдерінің кассасы да рекорд көрсеткен кезі аз емес. Баянның барлығымыз білетін Айсәуле есімді қызы бар. Ол тұңғышын «жетелеп жүріп танымал қылмадым» дейді. Десек те, Айсәуле кішкентайынан тележүргізуші болды, фильмдерге түсті. Ал оған продюсер анасының ықпалы болмады деуге сену қиын. Қазіргі таңда ол өз алдына бөлек кәсіппен айналысады, подкаст түсіреді, instagram-парақшасында белсенді. 

Ғалия Байбосынова

Еліміздегі белгілі продюсер, қоюшы-режиссерлердің бірі — Ғалия Байбосынова. Өнерлі әулеттен шыққан. Оның жұмыстары көбіне кадрдан тыс жерде жүреді. Ғалияның қызы — Назым Әбілдина. Кішкентайынан «Айгөлек» балалар байқауының тізгінін ұстады. Ән айтты, би биледі. Өсе келе ең танымал бендтердің бірі KeshYou-де ән айтты. Ол топтан кеткеннен кейін жеке дара ән жазып жүр. Тұрмысқа шығып, жақында тағы бір сәбиі өмірге келген Назымның өнерге қаншалықты жылдам оралатыны белгісіз. Әйтсе де, Назымның танылуына анасының ықпалы болғаны айдан анық. Сұхбаттарда Ғалия да, Назым да мұны аса мойындай қоймайды. «Жүргізуші болғаны да, Баян Мақсатқызының көзіне түскені де Әбілдинаның талантының арқасында» деуден жалықпайды. 

Гүлнұр Мамасарипова

Гүлнұр Мамасарипованы жұртшылық «Келінжан» сериалы арқылы жақсы таниды. Сериалдың сәтті шығуы продюсерге тікелей байланысты екені рас. Ал сол сериалда басты рөлдердің бірін сомдаған Сара Амангелді — Гүлнұрдың қызы. Сара актриса болғанға дейін әнші ретінде танылды. «Лашын», Kesh You топтарында ән салды. Кейіннен «Я люблю тебя», «Келінжан», «Күзде келген көктем» туындыларында басты рөлдерде сомдады. Оның актриса ретінде ашылуына анасының септігі тиді деп сеніммен айта аламыз. Өйткені кей рөлдерді Сараға лайықтап жазғанын Гүлнұрдың өзі де айтып жүреді. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін бала кезінен танылған жұлдыздар туралы жазған едік.