Lifestyle

Дженнифер Лопес концерті Алматыға 10 млрд теңге табыс әкелді

Джей Лоның шоу концертіне 27 мың көрермен жиналды / Коллаж: kursiv.media архиві 

Алматыда Орталық стадионда өткен Дженнифер Лопестің концертіне 27 мың көрермен жиналды, олардың шамамен 7 мыңы 35 елден келген шетелдіктер.

 Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, концерттен түскен кіріс 10 млрд теңгеден асты, ал бюджетке салық түрінде шамамен 600 млн теңге түседі.

«Туризм басқармасының болжамына сәйкес, көрермендердің шығыны мен жанама кірістерді қоса есептегенде, концерттен қалаға түскен табыс айналымы 10 млрд теңгеден асады. Мұндай мәдени іс-шаралар қала қазынасына қомақты кіріс әкеліп қана қоймай, Алматының туристік тартымдылығын арттырып, оны әлемдік гастроль картасындағы маңызды орталық ретінде нығайтады»,  – деп хабарлады әкімдік.

Мейрамханалар, кофеханалар, қонақ үйлер мен көлік компаниялары да айтарлықтай пайда көрді. Концерт күні Орталық стадионда ауығындағы фуд-корт шамамен 15 млн теңге табыс тапқан.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, турдың бас режиссері Кристиан Ламб пен техникалық директор Григорий Антропов Алматыдағы алаңның дайындығын «барлық елдер ішіндегі ең үздігі» деп бағалаған.

 «Біз Дженнифер Лопестің концертін жоғары деңгейде өткізгенімізге мақтанамыз. Сонымен қатар, жақсартуды қажет ететін тұстарды да ашық көріп отырмыз. Болашақ шаралар одан да жақсы өтуі үшін нақты қадамдар жоспарлаудамыз», — деді First Media Group компаниясының басқарушы директоры Альфия Нұрғұмарова.

Енді күзде елордалықтар мен алматылықтар  әйгілі америкалық Backstreet Boys тобының концертін тамашалай алады.  Оның билет бағасы 40 мың теңгеден басталады.