Қазақстанда спортшыларға арналған төлемдердің бірыңғай жүйесі енгізілді

Қазақстанда енді ұлттық құрамаларға кіретін спортшылар мен олардың жаттықтырушылары үшін бірыңғай ай сайынғы төлем мөлшерлері бекітілді. Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, бұл туралы бұйрық «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заңмен қатар күшіне енді.
Бұған дейін өңірлердегі төлем сомалары бір-бірінен қатты ерекшеленетін. Енді олар ортақ стандартқа келтірілді. Енді төлем көмелі 5 АЕК-тен 250 АЕК аралығында (19 660-тан 983 000 теңгеге дейін) болады.
«Мұндай тәсіл инфляцияны автоматты түрде ескеруге және төлем сомаларын жыл сайын қайта қараудан бас тартуға мүмкіндік береді. Төлемдер халықаралық және республикалық жарыстардағы жоғары нәтижелер үшін тағайындалып, спорттық мансапты жалғастыру шартымен келесі жарысқа дейін төленетін болады», — деп хабарлады министрлік.
Аталған шешім облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астана қаласының әкімдіктерімен және Қаржы министрлігімен келісілгені атап өтілді.
Айта кетейік бұған дейін Туризм және спорт министрлігі спорт саласын қаржыландыру тәсілін қайта қарап жатқанын жазған еді. Негізгі мақсат — тиімсіз шығындарды азайтып, қазақстандық спортшылардың дамуын ынталандыру.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат елдегі спорт саласының даму бағытын жүйелеп, тиімділігін арттыруды мақсат етеді.