Зеленский Ресей және АҚШ-пен үшжақты келіссөзге дайын екенін айтты

Украина Президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Ресеймен үшжақты келіссөздерге қатысуға келісіп, Дональд Трамппен болған әңгімесін «мазмұнды» деп атады.
Сонымен қатар, Зеленский алдағы дүйсенбі, 18 тамызда Вашингтонда Трамппен өтетін кездесу туралы хабарлады. Оның айтуынша, АҚШ президентімен «ұзақ әрі мазмұнды» әңгіме болған. Алдымен олар жеке сөйлескен, кейін әңгімеге еуропалық көшбасшылар да қосылған.
Жалпы сөйлесу бір жарым сағаттан астам уақытқа созылып, соның шамамен бір сағаты Трамппен жеке әңгімеге арналды. Зеленскийдің айтуынша, Трамп оған Ресей президентімен кездесуі және талқыланған негізгі тақырыптар жөнінде ақпарат берген.
«Біз Украина – АҚШ – Ресей форматындағы үшжақты кездесу туралы президент Трамптың ұсынысын қолдаймыз», – деді Владимир Зеленский Telegram-арнасында.
Бұған дейін, 15 тамыз күні, Аляскадағы әскери базада АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі өткен еді. Келіссөз бірнеше сағатқа созылды. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин келісе алмады. Көпшілік Аляскадағы саммит нәтижесіз аяқталды деп бағалады.
Сондай-ақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесуге «тарихи саммит» деп баға берді.