
Қытайлық ғалымдар әлемдегі алғашқы адам тәрізді «жүктілікке арналған роботтың» прототипін таныстырды. Бұл робот баланы толық мерзімге дейін көтеріп, өздігінен «босана» алады.
Жобаны доктор Чжан Цифэн негізін қалаған Kaiwa Technology компаниясы жүзеге асыруда. Daily Mail басылымының мәліметінше, бұл роботта жасанды жатыр болады, ал арнайы түтік арқылы нәрестеге қажетті қоректік заттарды жеткізетін гуманоид (адамтәрізді робот) болады.
Жоба авторлары бұл құрылғыны жай инкубатор емес, ұрықтану кезеңінен бастап босануға дейінгі процесті толықтай имитациялай алатын робот ретінде сипаттайды.
Чжанның айтуынша, жасанды жатыр технологиясы қазірдің өзінде аяқталу сатысында тұр. Енді оны роботтың құрсақ қуысына біріктіру ғана қалған, осылайша адам мен машина өзара әрекеттесе отырып жүктілікке қол жеткізе алады. Прототип келесі жылы таныстырылмақ, құрылғының болжамды бағасы — шамамен 10 мың АҚШ доллары.
Этика мен құқыққа қатысты мәселелер Қытайдың Гуандун провинциясы билігімен талқыланып жатыр. Алайда эмбрионды ұрықтандыру мен жасанды жатырға имплантациялау әдістері әзірге ашық жарияланған жоқ.
Айта кетейік Қытай автосалондарында гуманоид-роботтар клиенттерге қызмет көрсетіп жүр. Клиенттерді менеджер мамандар емес, адам бейнесіндегі роботтар қарсы алады.