
Шымкент қалалық сотында жәбірленуші қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов жәбірленушіге қатысты қандай жаза тағайындау керектігі туралы пікір білдірді.
Айыпталушы Ернар Жиембай жәбірленуші Руслан Берденовке өтініш айтты. Ол өзінің әрекеті әсерінен екі отбасының бала-шағасы жауласып кетпеуін сұрады. Және өзінің кінәлі екенін айтты. Берденов әуелі естімедім деп, екінші рет қайталағанда жауап бермеді.
Судья Абинұр Қарабаев ота жасатуға кетуіне байланысты Берденовтің соттан не сұрайтынын сұрады.
«Әділ үкім күтемін, кінәлінің әділ жаза алуын тілеймін. Себебі бұл – бандитизм. Қазір нүкте қоймасақ бұл мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіреді. Бұл маған атылған оқ емес, әрбір мемлекеттік қызметкерге атылған оқ. Әділ үкім шығаратыныңызға сенемін», – деді Берденов.
«Сіздің ше әділ үкім деген қандай үкім? Қандай жаза тағайындалу керек? Қай баппен? Соған байланысты пікіріңіз бар ма?» – деді судья.
«Меніңше, іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігімен қаралуы керек. Оқиға орнында адамдар жүрді. Оны бейнебақылау камерасынан да көруге болады. Бірінші атылған оқтың өзі жүргізушімнің қасынан өтті. Қандай үкім шығаруды өзіңіз шешіңіз», – деді Берденов.
Берденовке ота жасауына байланысты жарыссөзге қатыса алмайтын болды. Іс бойынша жарыссөз прокурорлардың өтініші бойынша бүгін түстен кейінге қалдырылды.
Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған.