Берденов Жиембаймен даудың қалай басталғанын баяндап берді

Жарияланды
Берденов Жиембаймен даудың қалай басталғанын баяндап берді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шымкент қалалық сотында өтіп жатқан Ернар Жиембайдың ісінде жәбірленуші деп танылған қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов онлайн жауап беріп жатыр.

Әуелі сотта жәбірленушінің заңды өкілі Жеңіс Тыныбек сотқа Берденовтің денсаулығына қатысты анықтамалар мен рентгендерін ұсынды. Судья Абинұр Қарабаев Берденовке өз құқықтарын түсіндіріп, Берденов оқиғаның қалай басталғанын айтып берді.

«Жиембайды өмірімде үш рет көрдім. Екі рет жиналыста, үшінші рет атқан кезде», – деді ол.

Берденовтің сөзінше, ол Жиембайды жұмысына қатысты кабинетіне шақырған. Бірақ Жиембайдың қолында ешбір есеп болмаған. Жұмысы туралы ешбір ақпарат бермеген. Ол қала әкімдігіне сәулет және құрылыс бөлімінің инспекторы Асанбай Ахментаевпен бірге келіп, олар өзара дауласқан.

«Менің кабинетімде екеуі дауласып кетті. Мынау түріңмен сенімен (Жиембаймен – ред.) жұмыс істесе алмаймыз дедім. Ол керек болса жұмыстан шыға саламын деді. Онда шыға сал дедім. Болды», – деді Берденов.

Берденовтің сөзінше, бір аптадан кейін Асанбай Ахментаев келіп, «маған Жиембай хабарласып, «Біреуді өлтірем, не өзім өлемін» деп айтқан. Бұл сөздерді айтқанда Жиембай ішіп алған көрінеді. Алайда Ахментаев оның бұл сөздеріне көңіліне алмағанын айтқан.

Прокурор Берденовтен Жиембаймен бірінші кездесуде оның киіміне қатысты пікір білдіргені туралы сұрады.

«Киім үлгісіне қатысты әңгіме болды. Өйткені ол джинси киген екен. Сендер этикет сақтамайсыңдар ма? Сендерге киім үлгісіне қарамай ма? Осылай айтып, бір ескерту жасадым», – деді.

Берденовтің сөзінше, қала әкімінің орынбасары болып қызметке келген кезде қаладағы барлық құрылыс компаниялар мен өзіне қарайтын бес басқарма басшыларын шақырып, жиналыс жасаған. Көп өтпей тұрғын үй және басқа да басқармаларға қатысты халықтан көп шағым түскен.

Берденовке қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тендерсіз мердігер компания жұмыс істеп жатқанын, Жиембай үлкен көлемде құрылыс материалдарын сатып алып жатыр деген ақпарат келген. Кездесуде Жиембай бұған байланысты ешнәрсе айта алмаған.
Жиембай мен Берденовтің екінші кездесуі де кабинетте өткен. Бұл кездесуде ешкім ешкімге дауыс көтермеген.

«Тағы да қайталап айтамын, полиграфпен де дедектрмен де айта аламын. Екінші кездесуіміз тіпті жақсы өткен. Мені құшақтап, рақметін айтып шықты. Басқа артық ештеңе болмады. Саяси қызметкер болған соң кабинетте жабдықтар бар соны көтеруге болады», – деді Берденов.

Берденов сотта Жиембайдың намысына тиетін сөздер айтпадым деді.

Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған.

Сондай-ақ оқыңыз