Автосақтандыру саласында екі жылдан бері пайдадан гөрі шығын көп

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Автосақтандыру саласында екі жылдан бері пайдадан гөрі шығын көп
Автосақтандыру саласында екі жылдан бері пайдадан гөрі шығын көп/Фото: shutterstock

Алматыда «Сақтандыру нарығының трансформациясы: жаңа мүмкіндіктер, технологиялар, кепілдіктер» деген атаумен III дәстүрлі сақтандыру форумы өтті.

Сақтандыру саласындағы мәселелер

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті басшысының орынбасары Серікболсын Төлебеков міндетті автосақтандыру нарығы бетпе-бет ұшырап отырған мәселелерді айтып берді.

shutterstock
Фото: Видео кадры

Оның сөзінше, салада кейінгі екі жылда шығынға ұшырау деңгейі артқан. Көрсеткіш 2023 жылы 65% деңгейінде болса, 2024 жылы 80%, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 96%-ды құраған.

«Шығынға бату деңгейінің өсуі жол-көлік оқиғаларының артуымен тікелей байланысты. Бір жылда адам қазасы мен жарақатына әкелген жол апаттарының 2 есеге жуық өсуі алаңдатып отыр. Осы орайда компаниялардың сақтандыру төлемдері де артып келеді. Бұл сақтандыру саласындағы мәселе ғана емес, жалпы жол қауіпсіздігіне қатысты мәселе», – дейді ол.

Серікболсын Төлебеков атап өткен сақтандыру саласындағы тағы бір мәселе – нарықтың технологиялық тәуелділігі.

«Бүгінде көлік құралдарына келген залалды бағалау екі бағдарламалық кешен арқылы жүзеге асырылады. Олар “ПС комплекс» және «Audatex». Олардың екеуінің де базасы Ресейде орналасқан. Бұл салмақты қатер тудырады. Шетелдік бағдарламалық қамсыздандыруға тәуелділік оны қолдануда шектеу туғызып, өзіміздің шешімдерімізді іздеуге қажеттілік тудырады”, – дейді ол.

Шешімі

Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті басшысының орынбасары мәселенің төмендегідей шешімін ұсынады.

Тарифтерді дараландыру

  • Бекітілген тарифтерден бас тарту, тәуекелге негізделген баға белгілеуді енгізу;
  • Ереже бұзбайтын жүргізушілерді ынталандыру және әділ тарифтерді қалыптастыру үшін телематика қолдану.

Отандық бағдарламалық жасақтама мен бірыңғай қосалқы бөлшектер тізілімін құру

  • Шығындарды реттеу, жөндеу құнын қазақстандық нарықтық бағамен есептеу үшін бірыңғай ұлттық цифрлық платформаны әзірлеу
  • Ашық әрі бірыңғай есептеулер үшін қосалқы бөлшектер бағасының және жұмыс нормаларының бірыңғай тізілімін қалыптастыру
  • Технологиялық тәуелсіздікті арттыру және отандық ІТ-шешімдерді дамыту

Технологиялық шешімдер

«Freedom Insurance» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Александр Тулешов жол-көлік оқиғаларын қағазбен тіркеу жемқорлық тәуекелдерін тудырып, сақтандыру төлемдерінің кеш түсуіне әсер ету арқылы өзектілігін жоғалтып жатқанын атап өтіп, компания 2022 жылдан бері цифрлық шешімдер қолданып келе жатқанын жеткізді.

Whatsapp мессенджері арқылы басталған онлайн қызмет бүгінде арнайы DTP.kz платформасына ұласқан.

Платформада сервис толықтай онлайн өтеді. Онда жол-көлік оқиғасының видеосын әсіресе, зақымданған бөлікті анық көрініп тұратындай етіп жіберу керек.

Сақтандыру жағдайларына қатысты статистиканы келтірген Мемлекеттік кредиттік бюро АҚ-ның жетекшісі Линара Әнуарбекова сақтандыру жағдайларының басым бөлігін тәжірибесі 5 жылға дейінгі 18-22 жастағы жүргізушілер құрайтынын атап өтті.

Бұған дейін, еурохаттаманың артықшылығы мен кемшілігі туралы жазып, автосақтандыру нарығы қалай өзгеріп жатқанын сөз еткенбіз.

Сондай-ақ оқыңыз