
Жаһандық жылыну әлем бойынша рекордтарды жаңартып жатыр. Соңғы ең ыстық 10 жылдың барлығы 21 ғасырда тіркелген. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) дерегінше, 1980-жылдардан бері әр онжылдық алдыңғысынан жылырақ болып келеді. 2005–2024 жылдар аралығы соңғы жиырма жылдағы ең ыстық кезең саналады.
Қазақстандағы жағдай қандай?
«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, Еуразияның орталығында, мұхиттардан алшақ орналасқан Қазақстан аумағы әлемдік орташа көрсеткіштен жылдамырақ жылынып жатыр.
Республика бойынша орташа температура әр 10 жылда 0,36 ºС-қа артып отыр. Бұл көрсеткіш Қарағанды облысында 0,26 ºС/10 жыл болса, Батыс Қазақстанда – 0,56 ºС/10 жылға дейін жетеді. Қыстан басқа барлық маусымда температураның өсуі статистикалық тұрғыдан маңызды деңгейде.
Соңғы 48 жылда елде жауын-шашын мөлшері де аздап артқан – орта есеппен әр 10 жылда 3,3 мм.
- Қыста жауын-шашын негізінен солтүстік, батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде көбейген (+4–11 %).
- Көктемде де өсім бар, әсіресе батыс пен солтүстікте (+8–18 %).
- Ал жазда, керісінше, жауын-шашын азайып жатыр, әсіресе батыс пен оңтүстік-батыста (–4–8 %).
- Күзде де сол аймақтарда төмендеу байқалады (–3–11 %).
Қауіпті құбылыстардың жиілеуі
Климаттың өзгеруі тек орташа температураға ғана емес, экстремалды құбылыстардың жиілігіне де әсер етіп отыр.
- +30 ºС-тан жоғары күндер саны артты;
- ыстық толқындарының ұзақтығы ұзарды;
- суық күндер азайды;
- өте жоғары температуралы жазғы күндер көбейді.
«Қазақстан аумағында климаттың өзгеруі біркелкі емес. Дегенмен, еліміздің көп бөлігінде ортақ сипат — күрт континенталды климат: жазы ыстық, қысы суық, жауын-шашын аз. Қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстар жиі кездеседі: ыстық толқындар, қуаңшылық, шаңды дауылдар, күшті жел мен нөсер, боран, тасқын мен су тапшылығы», – дейді «Қазгидромет» ҒЗО директоры Тұрсын Тілләкәрім.
Әсері мен салдары
ДМҰ деректері бойынша, соңғы 50 жылда әлемде күн сайын кемінде бір климаттық немесе гидрометеорологиялық апат тіркелген. Қазақстан үшін климаттың өзгеруі биофизикалық жүйелерге, экономика мен әлеуметтік салаға әртүрлі әсер етуі мүмкін.
«Климаттық жағдайларды ескеру және бейімделу шараларын уақтылы қабылдау – Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін аса маңызды», – деп қорытындылады Тұрсын Тілләкәрім.
Еске сала кетейік, бұған дейін соңғы жылдары Антарктидадағы мұздықтардың еруі, алып цунамиге алып келуі мүмкіндігі туралы жазған едік.