Қазақстан мен Қытай авиация саласында ынтымақтастық кеңейтіліп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер саны артты / фото: КursivMedia мұрағаты
Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер саны артты / фото: КursivMedia мұрағаты

Қазақстан мен Қытай авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейтті. Жаңа рейстер ашылып, апталық әуе қатынасы 124-ке дейін ұлғайтылды.

Орталық Азия – Қытай (С5+1) азаматтық авиациядағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының конференциясы шеңберінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының авиациялық билік органдары арасында келіссөздер жүргізілді.

Меморандумға қол қойылды

Келіссөздер барысында елдер арасындағы жолаушылар және жүк тасымалы әуе рейстерін орындау, белгіленген пункттер санын арттыру және тұрақты рейстерді пайдалануға қатысты басқа да мәселелер талқыланды.

Келіссөздер нәтижесінде бағыт желісін кеңейту және екіжақты әуе қатынасын дамыту туралы келісімдерді қамтамасыз ететін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Екі жақ қазақстандық тасымалдаушылар үшін жаңа бағыт – Құлжа қаласын қосуға келісті. Сондай-ақ Қашғар қаласына ұшуды ұйымдастыру мәселесі талқыланды.

Айта кету керек, екі ел арасындағы ынтымақтастық артып келеді. 2025 жылдан бастап рұқсат етілген рейстердің жалпы саны аптасына 124-ке дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар екі елдің әуе компанияларына «әуе еркіндігінің» бесінші деңгейін пайдалана отырып ұшуға рұқсат берілді.

Жаңа бағыттар мен әуе компаниялары

SCAT әуе компаниясы биыл Қытайға 3 жаңа бағыт ашты:

29 мамырдан бастап Шымкент – Шанхай (аптасына 2 рейс)

2 шілдеден бастап Шымкент – Сиань (аптасына 2 рейс)

4 шілдеден бастап Шымкент – Үрімжі (аптасына 2 рейс)

China Eastern Airlines 4 шілдеден бастап Қазақстанға кірді. Алматы – Гуанчжоу бағыты бойынша аптасына 3 рейс орындайды. Әуе компаниясының паркінде 800-ден астам ұшақ бар.

COMAC компаниясының С909 ұшағы алғаш рет Қазақстанға келді. Ол Үрімші – Қарағанды – Үрімжі бағыты бойынша 13 тамызда қонды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар конструктивті диалогты жалғастыруға, авиация саласын дамытуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.

Сондай-ақ оқыңыз