Жаңалықтар

Ресей мен Украина арасындағы соғыс қалай аяқталады – сарапшылар пікірі

Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдары әлемдік теңгерімге әсер етеді / shutterstock
Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдары әлемдік теңгерімге әсер етеді / shutterstock

Ресей мен Украина арасындағы соғыс қашан аяқталатыны – басы ашық сауал. Трамп Путинмен Аляскада кездесіп, бітім жасауға ұмтылыс жасады.  

Енді бүгін кешке Зеленскиймен кездеседі. Еуропалық әріптестерімен де пікір алмасуы тиіс.

Қазақстандық саясаткер Ермұхамет Ертісбаев Путин мен Трамп арасындағы келіссөзден жағымды жаңалық көріп отыр. Оның пікірінше, бұл – әлемде үлкен соғыс болмайды деген сөз.

Десе де, бірқатар қазақстандық сарапшының пікірінше, Ресей мен Украина арасындағы соғыс тоқтаған күннің өзінде, әлемге тигізер салдары ауыр болмақ.

Екіұшты ахуал

Саясаттанушы Серік Белгібаевтың пікірінше, кездесуден кейін екіұшты жағдай қалыптасып отыр.

«Ресей территориялық шегініс жасауды талап етіп отыр. Алайда Украинаның билігі де, қоғамы да жерінен айырылуға көнбейді. Мұны Еуропа елдері де құптамайды. Трамптың ұсынған шарты әлсіз. Кездесуден кейін екіұшты жағдай қалыптасып отыр. Ілгерілеу болған күннің өзінде, әскери қимылдар қысқа мерзімге ғана тоқтауы мүмкін», – деп топшылайды сарапшы.  

Белгібаевтың пікірінше, Кремльдің реакциясына қарағанда, Ресей майдандағы ахуалымыз жақсы деп есептейді.

«Шындығында, бұл жағы күмәнді. Олардың ақпараттық көпіршікте өмір сүріп жатқаны байқалады. Иә, Ресей қазір шабылдап жатыр. Қадамдап ілгері жылжуда. Бірақ шығын өте көп», – дейді саясаттанушы.

Үлкен үрей бар

Саясаттанушының айтуынша, Ресей экономикасы қазір ауыр жағдайда. Рецессия байқалып отыр. Аударымдар, халықтың тұтыну қабілеті төмендеген. Жұмыс күші жетіспейді. Экономикалық мәселелер келесі жылы тұрғындар қатты сезінуі ықтимал. Ресей халқы соғысты қолдағанмен, қолына қару алғысы келмейді. Енді соғысты қолдау деңгейі төмендеуі де мүмкін. Қоғамда үлкен үрей бар. Ресей қоғамы да қазір соғыстың тоқтағанын қалайды. Сондықтан Трамп пен Путиннің кездесуінен көп үміт күткен.

«Қазір мұнай нарығы тұрақсыз. Барреліне 10 долларға дейін бағасы түсті. Баға әлі де құлдырауы ғажап емес. Бұл да – Ресей экономикасы үшін жағымсыз фактор», – дейді Серік Белгібаев.

Ресейді не тоқтатады?

Саясаттанушының сөзіне қарағанда, қазіргі жағдайда соғыстың тоқтауы неғайбыл. Өйткені, бұған салмақты негіз болмай тұр. Майдандағы жағдай тұрақты. Ресейдің ілгерілеуі сын-сағат тудырып отырған жоқ. Айына бір-екі шақырым ғана ішкері жылжуда. Бұған қарамастан Украина төтеп беріп жатыр.

«Әдетте, мұндай соғыс үлкен мәселе туындағанда ғана тоқтайды. Адам және басқа да ресурстар түгесілгенде дегендей. Украина қоғамы Трамп пен Путиннің кездесуін жақтырмады. Кез келген құн төлеп, соғысты тоқтатуға ниетті емес. Екінші жағынан, Путин де соғысты тоқтатуға бейіл емес. Сондықтан соғыс тоқтайды деп болжам жасауға ерте», – дейді саясаттанушы.  

Белгібаев Қазақстанға бұл соғыстың тоқтауы қалай әсер ететінін айтып берді.  «Бастапқыдан бері ықпал етіп отыр. Қалыптасқан тауар жеткізу тізбегі үзіле бастады. Украина мен Ресей арасындағы соғыс тоқтаған жағдайда, Ресей посткеңестік кеңістікте белсенділік танытуы мүмкін. Бұл – соғыстың тоқтауының жағымсыз қыры», – дейді сарапшы.

«Кімнің шоқпары үлкен болса, соныкі дұрыс»

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше,  дүйсенбіде Трамп пен Зеленскийдің және еуропалық көшбасшылармен кездесуі  – Аляскадаға келіссөздердің жалғасы.

«Шынтуайтында, әңгіме бүкіл әлемге тиетін салдар туралы болып отыр. Өйткені, әлемде қандай геосаяси үлгінің басымдыққа ие болатыны осы кездесуге байланысты болмақ», – деп, Сәтбаев әлеуметік желі арқылы пікір айтқан.  

Саясаттанушы бұл үлгі «кімнің әскери шоқпары үлкен болса, соныкі дұрыс» деген қағиданы қуаттай түсе ме?» деп қауіптеніп отыр. Онда ірі державалар ғасырлар бойы басқа мемлекеттердің тағдырын айқындап, өздерінің импершілдік ындынына қарай елдерді бөлшектеп, біріктіре алады.

«Тапаншамен көп нәрсеге қол жеткізуге болады»

«Бір кездері бұл екі бірдей дүниежүзілік соғысқа әкеліп соққан болатын. Содан кейін ғана іләкәр болса да, халықаралық теңгерім жүйесін қалыптастырды. Тіпті, «қырғи-қабақ» соғыс барысында. Рас, бұл жүйе ядролық тежеуге сүйенді. Украинада ядролық қару болса, Аль Капоне айтқандай, тек қана жылы сөзден гөрі «жылы сөзбен және тапаншамен көп нәрсеге қол жеткізуге» болар еді», – дейді сарапшы.  

Досым Сәтбаев халықаралық қатынас жүйесінің жаңа құрылымына алаңдайды.

«Кімнің тапаншасы, зеңбірегі, қазір ядролық қаруы болса, сол келіссөздердің нәтижесін айқындайды.  Сондықтан Аляскадағы келіссөздердің тағы бір салдары болады. Көп елдерге ядролық қарудың артық болмайтынын ұқтырады», – деп ескертеді сарапшы.  

Қытай қауіпсіздік кепілі ме?

Оның пікірінше, соғыс тоқтату туралы сөз қозғалғанмен, Украинаға тараптар әлі ешқандай қауіпсіздік кепілдігін бермеген.

«Қандай да бір келісім жасалған жағдайда, АҚШ тарапынан болсын, Ресей тарапынан болсын, Украина қандай нақты қауіпсіздік кепілдігіне ие болады?  Қазір бұл ең маңызды сұраққа әлі де жауап жоқ. Ал құрғақ сөз бен қағаздың қашан да құны жоқ.  Күшке тек қана күш қана теңгерім бола алады», – дейді Сәтбаев.

Оның пікірінше, Аляскадағы кездесуден кейінгі Трамптың қауіпсіздік кепілі туралы мәлімдемесі бұлыңғыр. Путин болса, «қауіпсіздік кепілі» деп Қытайды атап отыр. Бұл ел іс жүзінде соғыстың жалғасқанына мүдделі. Өйткені, бұл жайт Батысты әлсіретіп, екіге жарып отырған жоқ, әсіресе, әскери қуаты әлсіз екенін де көрсетіп берді.

Құмырадан шыққан жын

«Кез келген аумақтық шегініс құмырадан шыққан жынды елестеді. Басқа елдерге де қауіп төндіреді. Мұндай мәселе туындаған мемлекеттер үшін қауіп дабылы. Өйткені, ірі агрессивті ойыншылар кімнің тәуелсіз ел, кімнің егемендігі шектеулі болатынын анықтайтын болады. Ақпараттық фейктерді жамылып, территориясының бір бөлігін алып қоюға жол ашылады», – дейді Досым Сәтпаев.

Оның пайымдауынша, мұндай жағдайда әлем қайтадан «қасқырлар» мен «қойларға» бөліне бастайды.

«Зеңбірек дипломатиясы маңызға ие болып, тек қана күштіні ғана сыйлайтын болады. Саяси, әскери және экономика тұрғысынан. Мұның бірі де Қазақстанда жоқ. Бұрын біздің қауіпсіздігіміз халықаралық құқыққа тәуелді болса, қазір солқылдақ геосаяси теңгерімге басыбайлы болып шығады. Ол кез келген сәтте бұзыла салуы мүмкін», – дейді саясаттанушы.