
«Даму» қоры биыл шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 271,1 млрд теңге бөледі. Бұл жайлы үкіметтің баспасөз қызметінен хабарлайды.
Осы жылдан бастап «Даму қоры» ірі инвестициялық жобалар мен ШОБ несиелеуге арналған екі кепілдік тетігін іске қосты. Ірі бастамаларға арналған кепілдік қоры 7 млрд теңгеден басталатын жобаларды қамтиды. Ол өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдауға бағытталған.
Ал шағын және орта бизнес қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қамтиды және бизнестің мемлекет қаражатына тәуелділігін төмендетуды көздейді.
Биыл қор арқылы 170,2 млрд теңгеге 1 069 жоба қолдау тапты. Оның 92,16 млрд теңгесіне кепілдік берілген. Кепілдіктер жеңілдетілген рәсім бойынша екі жұмыс күн ішінде ұсынылады, негізгі бағыттар – өңдеу өнеркәсібі, көлік, қоймалау және білім беру қызметтері.
2024 жыл қорытындысы
2024 жыл қорытындысы бойынша жалпы көлемі 1 трлн теңгеден асатын 17 мыңнан аса жоба субсидияланды. Ал жалпы құны 310 млрд теңге болатын 8 мың жобаға кепілдік берілді.
Сала бойынша өңдеу өнеркәсібі (33,3%), көлік және қоймалау (17%), білім беру (7,8%) көш бастап тұр. 2025 жылы жеңілдетілген қаржыландыруға 271,1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Ресми дерек бойынша, шағын бизнес үлесі 32%, ал орта бизнес үлесі 7%-ға жетті. Тоқаев 2029 жылға қарай орта бизнес үлесін 15%-ға дейін жеткізуді тапсырған.