
Израиль халқы Газа секторын көшіріп, аумақты оккупациялауға қарсы. Мыңдаған израильдіктер билік ұсынысына қарсылығын білдіріп, көшеге шықты. Тель-Авив пен Иерусалимдегі көптеген кәсіпорындар жабылған, негізгі көшелердегі транспорт қозғалысы тоқтаған. Шерушілер Газа секторындағы тұтқындарды босатуын талап етіп, тұрғындарға сары ленталар таратып жатыр деп жазады ВВС.
Ереуілді «Қазан кеңесі» ұйымдастырды. Ол ұйым кепілге алынғандардың туыстары мен ХАМАС-тың Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылы кезінде қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің жақындарынан құрылған. Шеру ұйымдастырушыларының хабарлауынша, Тель-Авивте шамамен бір миллион адам, ал Израильдің жүздеген қалаларында он мыңдаған адам акцияларға қосылады деген болжам бар.
Айта кетейік, бір апта бұрын Израильдің әскери кабинеті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің наразылығына қарамастан, Газа секторын басып алуға және оның халқын көшіруге дауыс берді. Кейбір дереккөздердің сөзінше, палестиналықтарды Оңтүстік Судан немесе Сомалиге жер аудармақшы.
Әзірге, ел үкіметі әскерін Газа қаласына енгізудің нақты кестесін жариялаған жоқ. БАҚ-тың жазуынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 7 қазаннан бастап бүкіл қаланы израильдік әскерлер бақылауға алуы керек деген тапсырма қойып отыр.