Банк пен қаржы

Қазақстаннан заңсыз шығарылған активті анықтауға Интерпол көмектеседі

Фото: 24.kz

Енді елден заңсыз шығарылған активтерді анықтауға Интерпол көмектеседі. Активтерді іздеу және қайтарудың жаңа тетігін енгізу бойынша пилоттық жоба аясында Қазақстанға алғашқы «күміс хабарлама» жолданды. Бұл туралы Бас прокуратураның хабарламасында жазылған.

«Аталған құрал Интерпол тізіміндегі 196 мемлекет арасында заңсыз иемденген активтер жайлы алмасуға болады. Олар заңсыз шығарылған активтер, оның ішінде жылжымайтын мүлік, қаржы айналымы жайлы ақпарат алуға, оны бақылауға мүмкіндік береді», – деп жазылған Бас прокуратура мәлімдемесінде.

Құзырлы органның мәліметінше, бұған дейін Интерпол тек іздеуде жүрген тұлғалар жайлы ақпаратты ғана тіркесе, енді әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі қудалау шараларына ұшыраған активтерді де тіркеп отырады.

Қазақстандағы активтерді қайтару комитеті пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі Интерполдың жұмыс тобына өткен жылы кірген. Қазір бұл жұмыс тобының құрамында Ұлыбритания, Испания, Италия, Катар, Қытай, Кувейт, Нидерланды, Польша, Португалия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Франция, Швеция тәрізді 50 ел кіреді.

2022 жылдан бері Қазақстан мемлекеттен заңсыз шығарылған активтерді қайтаруды бастады. Соңғы үш жыл ішінде мемлекетке 1 трлн 130 млрд теңгеден астам актив қайтарылған. Ол қаражаттың басым бөлігі БАӘ, Түркия, Австрия мен Лихтенштейн елдерінен келген.