Жаңалықтар

Трамп пен Зеленский кездесуі қалай басталды?

Трамп Зеленский
Дональд Трамп пен Владимир Зеленский / Фото: AP

18 тамыз күні Астана уақытымен түнгі 22:15-те Дональд Трамп пен Владимир Зеленский кездесуі басталды. АҚШ пен Украина басшылары Ақ үйде жолығып, 25 минут журналистердің сұрағына жауап берді. Содан кейін жабық есік сыртында сөйлесу үшін бөлек кабинетке кетті.

Путинмен тағы бір кездесу өтпек

Журналистердің президенттерге қойған басты сұрағының бірі – бейбіт келісімге қалай қол жеткізеді. Дональд Трамп ол үшін Ресеймен де, Украинамен де жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

«Бір мезетте тоқтап, содан соң бұл сұмдық қайта басталатын екі жылдық бейбітшілік қажет емес. Барлығына жақсы болатындай жағдайды қамтамасыз еткіміз келеді. Ресеймен де, Украинамен де жұмыс істейміз. Және бейбітшілікке жетеміз, оған сенімдімін», – деді Трамп

АҚШ президентінің сөзінше, егер бұл кездесулер сәтті өтсе ары қарай Владимир Путиннің қатысуымен тағы бір басқосу болуы мүмкін.

«Мен қазір ғана Президент Путинмен қосымша сөйлестім. Бүгінгі кездесулерден кейін (Владимир Путинмен – ред.) бірден телефон арқылы сөйлесеміз. Бізде үшжақты кездесу болуы мүмкін, болмай қалуы да ықтимал. Егер үшжақты кездесу болмаса, қақтығыс жалғаса береді. Ал егер біз мұны іске асырсақ, оны тоқтатуға жақсы мүмкіндік туады… бәлкім, нүкте қоюымыз да мүмкін. Бірақ бұл кездесуді аяқтаған соң, ол (Путин – ред) менің қоңырауымды күтіп оты»,- деді Трамп.

Украина қару өндіруі мүмкін

Бұл жолғы кездесуде Владимир Зеленский ұзақ сөйлемеді. Алғашқы минуттардан-ақ ол Дональд Трамп пен еуропалық көшбасшыларға қолдауы үшін көп алғыс айтты. Оның сөзінше, украиналық әскерді күшейту және Еуропа немесе НАТО арқылы америкалық қару-жарақ сатып алуды қауіпсіздік кепілдігінің бір бөлігі ретінде қарастырады.

«Біз зымырандар кешені мәселесін талқыладық, біз өзімізде америкалық жүйені өндіруге дайынбыз», – деп атап өтті ол.

Айта кету керек, Трамп пен Зеленскийдің кездесуінен кейін еуропалық көшбасшылардың басқосуы өтеді. Киев басшысына қолдау білдіру үшін онымен бірге Вашингтонға Германия, Франция, Италия мен Финляндия лидерлері де келген.

Ақ үйдегі Сопак кабинетте Трамп пен Зеленский бес ай бұрын, бірінші наурызда кездесу өткізген еді. Бірақ екі тарап бір-бірін түсінісе алмай, соңы сәтсіз аяқталған еді.