Lifestyle

ALEM мен RAIM бүгін кешке Алматыда тегін концерт береді

«Алматы – жастар астанасы» концертінің афишасы / фото: Алматы әкімдігі

18 тамыз күні «Алматы — Түркі мемлекеттері ұйымының Жастар астанасы — 2025» фестивалінің ашылу салтанаты өтеді. Концертке ALEM, RAIM, ADEMI және қазақ эстрадасының басқа да жас жұлдыздары қатысады.

Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары Әлем (ALEM), Райым (RAIM) секілді жас әншілердің өнерін тамашалауға мүмкіндік алды. Жастар концертінде Дидар Кәден, Әйгерім Үзембаева, ADEMI, AMALYAT сынды әншілер де өнер көрсетеді. Бұған қоса, ASTRA және JasSTAR топтары да кештің сәнін келтіреді.

Қала әкімдігі көпшілікті мегаполистің жаңа мәртебеге ие болуына орай ұйымдастырылған салтанатты кешке шақырды.

«Осынау ерекше кеште сіздерді Түркі елдерінен келген танымал әртістердің өнері, жаңа авторлық әндердің премьералары, заманауи және ұлттық би қойылымдары, акробаттар мен от шоу шеберлерінің тамаша өнері күтеді», – деп хабарлайды әкімдік.

Салтанатты кеш 18 тамыз, дүйсенбі күні кешкі сағат 19.00-де Абай алаңында өтеді. Бұл алаң Достық және Абай көшелерінің қиылысындағы Республика сарайының алдында орналасқан.