Оқуға түсірем деп бірнеше адамды алдаған күдікті ұсталды

Астана қаласында тұрғындарды мемлекеттік грантқа оқуға түсірем деп алдаған күдікті ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің сайтында хабарланды.
Полиция мәліметінше, 33 жастағы әйел «оқу тағдырын шешіп беремін» деп сендіріп, бірнеше студент пен олардың ата-анасын алдаған.
Тергеу деректеріне қарағанда, күдікті өзін жоғары оқу орнында беделді байланысы бар адам ретінде таныстырған. Ол ақылы бөлімде оқып жүрген студенттерге мемлекеттік грантқа ауыстырып беремін деп уәде еткен.
«Бар болғаны ақшасын берсеңдер болды, қалғанын өзім реттеймін» деп сендірген. Ата-аналар балаларын грантқа түсіру үшін соңғы тиынына дейін жинап берген. Бірі қарыз алған, бірі тұрмыстық техникасын сатқан. Алайда грант та жоқ, ақша да жоқ – ал «көмекші ханым» жұмыстан шығып, телефон сөндіріп, ғайып болған», – деп жазды polisia.kz.
Тергеушілер шығын көлемі 800 мың теңге деп отыр. Жәбірленушілер біраз уақыт күтіп, уәде орындалмаған соң, полицияға шағымданған.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәртіп сақшылары оның осындай әдіспен алдаған басқа да азаматтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Астана полициясы азаматтарға мұндай «таныс арқылы тез шешілетін» ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді: «Грант – таныстықпен емес, тек біліммен және заңды жолмен беріледі».
Биыл Қазақстанда білім гранты 2024 жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз бөлінді.