Жаңалықтар

«Қалқаман» метро бекеті қашан ашылатыны мәлім болды

Алматы метросы / фото: shutterstock
Алматы метросы / фото: shutterstock

Алматы метрополитенінің «Қалқаман» бекетінің құрылысы, қаражат бөлу тоқтап қалмаса, 2026 жылдың бірінші жартысында аяқталады. Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев құрылыс басына барып, Instagram парағына тың мәліметтер жариялады.

Метро Қалқаманға дейін ұзарады

Құрылыс барысы

Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан «Қалқаман» бекеті түсетін орындағы құрылыс қалай жүріп жатқанын көруге болады. Бір жағында метро тоннелі, екінші жағында станцияның өзі орналасатын ғимарат тұр. Бірнеше техника мен үлкен кран жұмыс істеп жатыр. Метро құрылысы тереңдігі шамамен 100 метр болатын шұңқырда жүріп жатыр.

«Келесі жылдың маусым айында мұндай пойыздар жүре бастайды. Құрылыс барысын бақылап жүрмін. Әупірімдеп жүріп, биыл қомақты қаражат – 28 млрд теңге бөлінді», – дейді депутат.

2026 жылы метро құрылысына тағы 17 млрд теңге аударылады.

«Құрылыс аяқталып жатыр. Содан кейін станциясының ішкі-сыртқын әрлей бастайды. Құрылыс баяу, бірақ өте сапалы жүріп жатыр. Тәулігіне төрт метрге ілгері жылжиды», – деп бағалады Пономарев.

2030 жылға дейін «Барлық» базарына қарай тағы бекет ашылады деп жоспарланған. Солардың бірі «Алтын Орда» деп аталады.

Метро тарихы

Алматы метрополитенінің құрылысы сонау 1988 жылы басталған. Алайда, Кеңес одағы ыдыраған жылдары, оның құрылысы қаражат жоқтығына байланысты тоқтап қалған. 2003 жылы ғана бюджеттен ақша аударылып, құрылыс қайта жанданды.

Мегаполис метросы 2011 жылы ашылды. Сол кезде оның бар болғаны жеті станциясы болды. Олар: «Райымбек батыр», «Жібек Жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «М. Әуезов драма театры» және «Алатау».

Одан кейінгі жылдары тағы төрт – «Сайран» және «Мәскеу», «Сарырарқа» және «Б. Момышұлы» бекеттері қосылды.

«Қалқаман» бекеті 2025 жылы ашылады деп жоспарланған еді. Алайда кейін оның мерзімі келесі жылға шегерілген.