Жаңалықтар

«Жұмысында кемшілік бар»: Берденов Жиембайдың әйелін танымайтынын айтады

Берденов, Жиембай
Берденов Жиембайдың әйелін танымайтынын айтады / Фото: коллаж kursiv.media

Шымкент қалалық сотында куәгерлік етіп жатқан қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов айыпталушы Ернар Жиембайдың жеке өмірі туралы ешқандай ақпарат білмегенін айтты.

«Жиембайдың әйелін танисыз ба? Оған Инстаграм немесе өзге де әлеуметтік желілерде лайк басып не пікір жазғаныңыз бар ма?», – деп сұрады Берденовтен прокурор.

«Жоқ, танымаймын. Білмегем, білмеймін. Оның да сол күні берген куәлігі бар ғой. Ол да мені көрмегенін растап тұр. Тағы да айтамын мұның бәрін полиграфпен де, дедектрмен де дәлелдей аламын», – деді Берденов.

Прокурор Берденовтен «Жиембайдың не үшін оқ атқанын» сұрады.

«Маған түскен ақпарат, бұл жерде қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тазалық болмады. Жұмысында кемшілік бар. Бізде тұрмыстық жағдай дейтіндей дәмханада отырған жоқпыз ғой. Әкімшіліктің алдында болған оқиға. Жиналыстардың бәрі менің кабинетімде болды. Басқа еш жерде көздеспегенбіз, сөйлеспегенбіз. Өз жауапкершілігімді нақты түсінетін адаммын. Саяси қызметкермін. Кабинетте жабдықтар бар, онда ауызға келген әңгімені айта алмайсың. Айтылып жатқан әңгіменің барлығы өтірік», – деді ол.

Берденовтің пікірінше, Жиембайдың жауабы айбын азайту үшін айтылған.

«Ер адам қолмен жасаған ісін, мойнымен көтеру керек. Іске әйелін араластыру «өте таяз әрекет», – деді Берденов.

Осыған дейін Жиембай Берденов «жұмыстан шықсын» деп бірнеше адам арқылы сәлем жолдағанын айтқан. Алайда Берденов бұл ақпаратты да жоққа шығарып отыр.

Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған.