Жаңалықтар

Елімізде тұрғын үйді сақтандыру үшін 20 мың теңгеге дейін төлем енгізілуі мүмкін

Қазақстанда тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті түрде сақтандыру қарастырылып жатыр / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесі енгізілуі мүмкін. Жыл сайынғы жарна мөлшері 20 мың теңгеге дейін болады деп жоспарлануда. Бұл туралы Kursiv.media LS баслымына сілтеме жасап хабарлайды.   

Жаңа сақтандыру жүйесі 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) хабарлауынша, елімізде тұрғын үйді міндетті сақтандыру туралы заң жобасы дайындалып жатыр. Бірінші кезеңде бұл жүйе су тасқыны, сел, жер сілкінісі және орман өрттері салдарынан келген шығынды өтейді.

«Бұл табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде азаматтардың мүлкіне келетін залалдан халықтың қаржылық қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті агенттік.

Жарнаның мөлшері және есептеу тәртібі

Актуарлық есептеулерге сәйкес, міндетті жарнаның базалық мөлшері жылына 0,5-тен 5 АЕК-ке дейін болады. Бұл шамамен 1 мыңнан 20 мың теңгеге дейін. Бұл ретте жүйе аймақтың табиғи апаттар қаупі деңгейін ескереді. Тәуекелі жоғары өңір тұрғындары көбірек төлейді, ал қауіптілігі төмен жерлерде орналасқан үйлердің иелері аз төлейді.

Реттеуші органның түсіндіруінше, мұндай тәсіл қаржылық жүктемені әділ бөлуге және азаматтар үшін шығындардың шамадан тыс өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.

Халықаралық тәжірибе

Қазіргі уақытта заң жобасы әзірленіп жатыр, оны осы жылдың соңына дейін Мәжіліске енгізу жоспарланған. Заң жобасын дайындау барысында Түркия, Әзербайжан, Испания, АҚШ және Қырғызстанның тәжірибесі ескерілді.

Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев міндетті сақтандыру жүйесі 2026 жылдан бастап табиғи апаттар қаупі жоғары өңірлерде енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеген. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық банктерден қажетті қаржы резервтерін қалыптастыруды жоспарлап отыр.

Бұл мәселені осыған дейін сенатор Бибігүл Жексенбай да көтерген болатын. Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдары қарастырылуы керек.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев баспаналарды сақтандыруды міндеттеу мәселесі қай сатыда қаралып жатқанын айтқан болатын.