Ұлттық арнаны 6,5 жыл басқарған Ләззат Танысбай қызметінен кетті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Ләззат Танысбай енді «Еуразия» бірінші арнасының бас директоры / Фото: Qazaqstan.tv

«Қазақстан» телерадиокорпорациясын 6 жылдан астам уақыт басқарған Ләззат Танысбай қызметінен кетті. Бұл туралы телеарнаның баспасөз қызметі хабарлады. 

Ләззат Танысбай басқарма төрайымы ретіндегі қызметін қортындылап, ұжымға алғыс білдірді.

«Алты жылдан астам уақытта ең мықты, кәсіби ұжыммен бірге жауапты кезеңдерді еңсеріп, мақсат етіп қойған жобаларды жүзеге асырдық. Корпорацияның қазіргі уақыттағы жетістіктері әріптестерімнің өз ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы кезеңде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптастыруға тырыстым. Себебі жайлы еңбек – ортасы нәтижелі жұмыстың, тұрақтылық пен табыстың негізі.Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін. Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын», – деді Ләззат Танысбай корпорацияның жетекшілерімен кездесуінде. 

Еңбек жолын 1993 жылы Қазақстан Республикалық телерадиокорпорациясында редактор қызметінен бастады, одан кейін репортер және тележүргізуші қызметін атқарды. «Хабар» Агенттігінің іргетасы қаланған күннен бастап (1996 ж.- 2002 жылға дейін) жаңалықтар қызметінің редактор-жүргізушісі, атқарушы продюсері болып еңбек етті.

Әр жылдары түрлі лауазымды қызметтер атарған. Ал «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуір айынан бері басқарып келді. 

Ол енді жұмысын «Еуразия» арнасында жалғастырады.

Ләззат Танысбайдың орнына Ернұр Бурахан тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз