
Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының президенті болып сайланды. Кезектен тыс сайлау конференциясы барысында оның кандидатурасын бірауыздан қолдау тапты.
Тимур Турлов бұл лауазымға аса жауапкершілікпен кірісетінін бірден аңғартты. Ол төрт жылға арналған стратегиялық бағдарламасын да таныстырып үлгерді. Бұл бағдарлама өңірде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын жүйелі түрде дамытуға бағытталған.
Тимур Турлов футболдағы үлкен жетістіктер стадиондардан емес, ауладан, мектеп алаңдарынан және доппен алғашқы жаттығудан басталатынын айтады.
«Футбол дамуы үшін жүйелі тәсілдер, ашық басқару мен нақты нәтижеге бағытталған мақсатты инвестициялар қажет. Осындай тәсіл өңірлік деңгейде де қолданылуы тиіс деп есептейміз. Бұл жергілікті футболға жаңа мүмкіндіктер, инфрақұрылым мен даму келешегін береді. Дәл бір ай бұрын мен Қарағандыда болдым. Астана мен Алматыны есепке алмағанда, ең жиі келетін қалам – осы. Мүмкін, бұл өңірмен менің және Freedom-дағы мамандардың арасында ерекше байланыс бар екенін тағдырдың өзі көрсетіп тұрған болар. Бұл тек ортақ жобалар мен іскерлік мүдделерден ғана емес, Қарағанды – ерекше мінезі, дәстүрге бай және спортқа шексіз сүйіспеншілігі бар аймақ. Мұнда футбол – жай ғана ойын емес, бұл – мәдениеттің бір бөлігі», – деді ол өз сөзінде.

Турловтың стратегиясы нені қамтиды
Турловтың стратегиялық бағдарламасы бұқаралық футболды дамытуға бағытталған. Оның ішінде білім беру ұйымдарына арналған жобаларды іске қосу, әуесқой турнирлер жүйесін дамыту, қыздарға арналған футбол фестивальдерін өткізу және өңірдегі елді мекендерде шағын футбол алаңдарын салу сынды маңызды бағыттарды қамтиды.
Жоспар шеңберінде 2029 жылға дейін өңірлік федерация жобаларына 100-ден астам балабақша мен мектеп, 40 000-нан астам оқушы және 3 600 студент қамтылуы тиіс. Қор дайындау жоспарына балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жабық манеждер мен толық өлшемді алаңдар салу, сондай-ақ қолданыстағы нысандарды жаңарту кіреді.
Сонымен қатар, облыстық жарыстарды өткізу форматы мен стандарттарын қайта құру жоспарланған. Жасөспірімдер толыққанды апталық жарыстарда бақ сынайтын болады. 10-12 жас аралығындағы балалар үшін шағын форматтағы додалар өтеді. Ал ең кішкентай ойыншыларға арналған бір күндік фестивальдер тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Тимур Турлов Қарағандыда заманауи футбол академиясын салу жобасын таныстырған болатын. Бұл академияда балалар, жасөспірімдер мен қыздар футболмен айналыса алады. Жоба құрамына 3 500 адамға арналған стадион, жыл 12 ай жұмыс істейтін жабық манеж, жылытылатын жаттығу алаңы, жатақхана, медициналық бөлмелермен басқа да инфрақұрылым нысандары кіреді.
Freedom Holding Corp. компаниясының Қарағанды облысында футболды дамытуға төрт жыл ішінде салатын жалпы инвестиция көлемі 18,5 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 12 миллиарды Академия құрылысын қаржыландыруға бағытталса, қалған сома бұқаралық футбол мен резерв дайындауға жұмсалады.
2023 жылдан бері Тимур Турлов Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.
Бұдан бөлек, Тимур Турлов үш жыл қатарынан Қазақстан шахмат федерациясының президенті қызметін атқарып келеді.