
Шымкент қалалық соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық істі қарау кезінде журналистке оғаш қылық көрсеткен төрағалық етуші судья Әбинұр Қарабаевтың әрекетіне тәртіптік баға беріледі. Бұл туралы Kursiv.Media тілшісіне Шымкент соты хабарлады.
Сол мәліметінше, судьяның әрекеті әдеп кодексінің талаптарын бұзуға жол беру бойынша тексеріледі.
«Заң талаптарына сәйкес қызметтік тексеру тағайындалатын болады. Оның қорытындысы бойынша құжаттар Судья әдебі жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі. Судьяның беделін түсіретін фактісі расталса, құжаттар Жоғарғы Сот Кеңесінің Сот жюриіне жолданады», – делінген хабарламада.
Бұған дейін журналист Ботагөз Омарова қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атып, жаралаған айыпталушы Ернар Жиембайдың ісі бойынша ақпарат таратып жүргенде судья Әбинұр Қарабаев өзіне тіл көрсеткенін хабарлап, видео жариялаған еді. Журналист судьяның қылығын оғаш көрген.