Жаңалықтар

«Берденовтен кешірім сұраймын» – Жиембай соттағы соңғы сөзін айтты

Берденов, Жиембай
«Бұл маған емес, әрбір мемлекеттік қызметкерге атылған оқ» – Берденов / Фото: Коллаж kursiv.media

Шымкент қалалық сотында әкімдік ғимаратының алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атып, жаралады деген айып тағылған Ернар Жиембай соңғы сөз берілді.

Айыпталушы Жиембай қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқанына шын өкінетінін, кінәсін ішінара келісетінін жеткізді.

Жиембайдың соңғы сөзі

«Бұл оқиға өздігінен болмады. Себепсізден себепсіз барып, тиіспеген адамға қаруымды алып қорқыту мақсатында оқ атқан жоқпын. Сот тергеуінде берген жауабымды толық қуаттаймын. Жәбірленуші Руслан Берденовтен кешірім сұраймын», – деді ол.

Жиембайдың айтуынша, жарыссөзде Берденовке көп сұрақ қоюға мүмкіндігі болмаған. Сол себепті тек кешірім сұраумен шектелген.

«Қалай болса да мен ол кісінің денсаулығына зиян келтірдім. Жарыссөзде онлайн байланыс кезінде ота жасауға кетейін деп тұрған адамға артық сөз айтпай, тек кешірім сұраумен болдым. Берденовтің «еркек болсаң әйеліңді араластырмауың керек еді» деп артық әңгіме айтып үлгерді. Берденов соттан маған ең аса ауыр жазаны, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 6-тармағымен жаза тағайындауды сұрады. Оған қоса бұл атылған оқ тек маған емес, мемлекеттік саяси лауазым иелеріне қарсы атылған оқ деп істі саясиландыру әрекетін жасауда. Ол дұрыс емес», – деді Жиембай.

Жиембайдың пікірінше, Берденов өз өкілеттілігін асыра пайдаланып, әйеліне қатысты, жеке басына, намысына тиетін сөздер айтып, балағаттап, саяси лауазым иесіне лайықты емес қылықтарының нәтижесінде осы қылмыс орын алған.

«Мен сотталайын деп отырмын. Менің моралдық шығынымды кім өтейді. Отбасымды кім асырайды? Мен де зардап шегуші қатарындамын. Таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпау керек. Ернар Жиембай Руслан Берденовті не үшін атты деп ешкім сұрақ қоймайды. Мен әуелі осы істің саясилануын қаламаймын. Бұл мемлекеттік қызметкердің қызметіне қарсы жасалған әрекет емес. Екеуміздің арамыздағы жеке мәселе», – деді Жиембай.

Ол соттан «Адам өлтіру» бабымен жаза тағайындамауды сұрады. Соттан қылмыстық іс бойынша іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігімен қайта саралап, осы баппен кінәлі деп танып, кінәні ішінара мойындауына байланысты ең төменгі бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

«Бұл іске шынайы өкінемін. Сыртта ата-анам қалды. Әкем ауырады. Отбасымды асыраушылардың бірі едім. Әйеліммен бірге екі ұлым қалды. Өткенде үлкен ұлымның туған күні болды. Балама қандай сыйлық берейік десе, «Әкемді қайтарыңдар» деп жылап жатыр екен. Мен осы нәрселердің бәріне өкініп, түсіндім. Уақытты кері айналдырсам, мұндай әрекетке бармайтын едім. Заң аясында әділ жаза тағайындауыңызды сұраймын», – деді айыпталушы.

Судья Әбинұр Қарабаев кеңесу болмесіне кетті. Ол үкім 20 тамызда шығатынын хабарлады.

Жиембай адам өлтіру пиғылы болмаған, тағылған айыптың бәрі ойдан шығарылғанын мәлімдеген.

«Соттың әділдігіне сенемін. Егер 11 жылға соттау керек болса Қылмыстық кодекстің 106-бабымен («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабы – ред.) соттаңыздар. Бала-шағам өсіп жатыр. Әкем біреуді өлтіруге оқталған екен дегенін қаламаймын. Мейлі, басқа баппен 15 жылға қамап тастаңыздар. Қарсы емеспін. Өйткені тікелей адам өлтіруге пиғылым болған жоқ», – деген еді жарыссөзде Жиембай.

Жиембай қамауда отырғанына 4 ай болған. Сот талқылауының соңғы отырысында онлайн режимде жауап берген жәбірленуші Руслан Берденов Ернар Жиембайға кешірім бермейтінін мәлімдеген.

Жарыссөзде прокурор соттан айыпталушыны 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұраған. Прокурордың айыбымен екі тарап та келіспеген.