
Ішкі істер министрлігі аккаунтты алаяқтардан қорғау жолындағы қарапайым алайда маңызды ережелерді еске салды. Полиция нұсқаулығы төменде ұсынылып отыр.
Құпиясөз 12345 болмауы керек! Ұзын, күрделі құпиясөз қойыңыз: бас және кіші әріптер, сандар және арнайы белгілер (@, #, &) болсын. Аты-жөніңізді, туған күніңізді немесе қарапайым сөздерді қолданбаңыз.
Құпиясөзді дұрыс сақтаңыз. Телефондағы «Жазбалар»-ға немесе қағазға жазбаңыз. Оның орнына пароль менеджерін қолданыңыз – ол сізге жаңа құпиясөз құрып, сақтап, қажет болғанда ауыстырып береді.
Видео мен қоңыраудағы адамды тексеріңіз. Алаяқтар дипфейк қолдануы мүмкін. Сөйлесіп отырған адамнан басын бұруын немесе жанында тұрған затты көрсетуін сұраңыз. Шұғыл ақша жібермеңіз — «туыс» болса да, алдымен қоңырау шалып, растаңыз.
Әлеуметтік желіде абай болыңыз. Көптеген платформа жасанды интеллектпен жасалған суреттерді және күмәнді контент туралы ескертеді. Ақпарат дереккөзін тексеріңіз, тексерілмеген жазбаларға сенбеңіз.
Сен, бірақ тексер. Күмәнді хабарлама келсе, басқа мессенджер немесе телефон арқылы қайта хабарласыңыз. Деректеріңізді қорғаңыз.
Бұған дейін Қостанайда алаяқтар оқушылардың аккаунты арқылы 11 млн жымқырғанын жазғанбыз.