Берденовтің сотында судья Қарабаев журналиске қарап оғаш қылық жасаған

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің ісі бойынша соттан ақпарат таратып жүрген журналист Ботагөз Омарова соттағы судья Абинұр Қарабаев өзіне тілін көрсеткенін хабарлады.
Журналист судьяның бұл әрекетін видеоға түсіріп алған.
«Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша өткен сот процесінде төрағалық етіп отырған судья Абинұр Қарабаев маған күтпеген жерден тілін көрсетті! Ашық айтқанда, таңғалып қалдым.
Сақтық үшін сол сәтті видеоға түсіріп, сіздермен бөлісуді жөн көрдім», – дейді ол.
Ботагөз Омарова судьяның оғаш қылығы өзін алаңдатып қойғанын айтып, оның бұл әрекетін әзілмен түсіндіруге тырысқан.
«Қарабаев мырзаға не болды? Бұл қимыл нені білдіреді? Барлығы дұрыс па өзі? Білмеймін… алаңдап тұрмын. Бірақ менің бірнеше жорамалым бар:
- Судья Қарабаев Шымкентте алғаш рет астаналық журналист көріп отыр;
- Судья Қарабаевтың жан дүниесі тиктоккер, және ол трендке ерді;
- Мен керемет әйелмін, менен бәрі есеңгіреп қалады, судья Қарабаев та сөйткен болар.
Айтпақшы, Тибетте тіл көрсету – амандасудың белгісі екен. Интернеттен оқып отырсам, «тибеттіктердің пайымынша , жын-перілердің тілі жасыл болады екен. Сондықтан адамның жын емес екенін көрсету үшін амандасқанда тіл шығару – ең тиімді әдіс» дейді. Бәрі жақсы-ау, достар. Бірақ мен Тибетте емес, Шымкенттемін. Сондықтан не ойлағанын түсінбей басым қатты. Судья Қарабаевқа сәлем айта барыңыздар, мен оның жын-перілермен араласпайтынына сенемін», – дейді журналист.
Кеше жалғасқан сот процесінде прокурор Руслан Берденовке оқ атып, жаралаған қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры, 31 жастағы Ернар Жиембайды 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.