Цифрлық платформалар сақтандыру нарығындағы «көмекшілерді» ығыстырып жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Цифрлық платформалар сақтандыру нарығынан «көмекшілерді» ығыстырып жатыр
Цифрлық платформалар сақтандыру нарығындағы «көмекшілерді» ығыстырып жатыр/Фото: shutterstock

”Freedom Insurance” СК“ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Александр Түлешов Қазақстандық сақтандыру форумында цифрлық шешімдердің мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Ол DTP.kz цифрлық сервисінің нәтижелерін таныстырды. Айтуынша, атаулы сервис ішкі үдерістерді оңтайландырып, сақтандыру жағдайларын реттеуде ашықтықты арттыруға көмектесе түскен.

Делдал түсінігі жойылады

«Цифрлық шешімдер сақтандыру төлемдерін рәсімдеу мен қызмет көрсету тізбегіндегі делдалдарды жоюға мүмкіндік береді. Онлайн-модельге көшу арқылы «көмекшілердің» – көлікті қарап шығушылардың, апаттық комиссарлардың және тағы басқа қызметкерлердің саны азайды. Бұл біздің компанияға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен арылуға және әкімшілік шығындарды азайтуға көмектесті», – деді ол.

Оның сөзінше, 2024 жылы компания шамамен 1,5 млрд теңге үнемдеген.

«Сонымен қатар, реттелген жағдайлар саны артты. Былтыр осы сервис арқылы 2 697 төлем жүргізілсе, 2025 жылдың алғашқы 7 айында 16 341 төлем жасалды. Жалпы, 2 жылға жетпейтін уақытта 19 038 төлем жүзеге асырылды, ал қызметкерлер саны бұрынғы деңгейде қалды», – деді сарапшы.

Бұл цифрландыру мен процестерді автоматтандыру нәтижесінде мүмкін болған.

Компания клиенттері үшін жүйе арқылы өтемақы алу процесі толығымен онлайн өтетіні айтылды. Өтінім беру үшін бірнеше тетікті басу жеткілікті. Деректер автоматты түрде полистен және мемлекеттік дерекқорлардан алынады, ал өтінімнің мәртебесі жеке кабинетте нақты уақыт режимінде көрініп тұрады.

«Сондай-ақ DTP.kz жүйесі көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша ғана емес, барлық сақтандыру түрлері бойынша өтінім беруге мүмкіндік жасайтынын атап өткім келеді. Біз корпоративтік сақтандыру түрлері мен халықаралық қайта сақтандырудан басқа, барлық бағыттар бойынша DTP.kz жүйесіне көштік», – деді ол.

Көлікті қашықтан қарау мен төлемді қысқарту мүмкіндігі

Компания сондай-ақ автокөлікті қашықтан қарап шығуға мүмкіндік беретін бейнешолу арқылы жүзеге асатын қосымшаны енгізген. Клиент шағын нұсқаулықтың көмегімен автокөлікті видеоға түсіріп, зақымды тіркейді. Жүйе ақпаратты автоматты түрде өңдеп, тексеру актісіне енгізілетін нақты тізіммен фотосуреттер дайындайды. Бұл уақытты үнемдеуге және сақтандыру компаниясымен қатынасты барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ төлемдердің күту уақыты қысқартылған. Алғашқы бағалаудан кейін талқыланбайтын залал сомасы автоматты түрде бірден төленеді. Бұл клиентке процестердің ашықтығын түсінуге көмектесіп, сақтандырушыға деген сенімді арттырады.

Александр Түлешов DTP.kz платформасының негізгі артықшылықтарының бірі – оңай масштабталуы мен кез келген өзгерістерге бейімделу қабілеті екенін атап өтті. Жаңа баптауларды бағдарламаға жедел түрде енгізіп, процестерді түзетуге және мерзімдерге байланысты регламенттерді өзгертуге болады.

«Дегенмен, кейбір қиындықтар да бар. Мысалы гаджеттерді барлық клиент игерген дей алмаймыз. Егде жастағы пайдаланушылардың бір бөлігі смартфонмен жұмыс істеуден қашып, әлі де колл-орталық арқылы кеңес алуды жөн көреді. Сонымен қатар, алыс аймақтарда интернет сапасының төмендігі қосымша қиындықтар туғызады – мұндай жерлерде онлайн қызметтерге жүгіну қиын», – деді ол.

Сарапшы атаулы шешімді цифрландырудың нарықты өзгерте алатынының нақты мысалы ретінде бағалайды.

Сондай-ақ аталған форумда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті басшысының орынбасары Серікболсын Төлебеков міндетті автосақтандыру нарығында екі жылдан бері пайдадан гөрі шығын көп екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз